Профессор Сейдім Әубәкіров өмірден өтті
22 қарашада ауыр науқастан профессор Сейдім Әубәкіров өмірден өтті. 86 жасқа қараған шағында көз жұмған марқұм 1938 жылы Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Алғабас ауылында дүниеге келген, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейдім Әубәкіров 1961 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін обаға қарсы қызметте талмай еңбек етті. Санала ғұмырын ел игілі үшін жұмсаған азаматтың аты тек Қазақстанда ғана емес, ТМД-ға танымал.
Сондай-ақ Әубәкіров Орталық Азия және Қазақстан республикасының обаға қарсы және санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандарына консультативтік, әдістемелік және практикалық көмек көрсетті. Карантиндік және аса қауіпті ошақтарда эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыруға және өткізуге бірнеше рет қатысты. Моңғолия, Қытай, АҚШ, Германияда өткен халықаралық конференцияларда Қазақстан атынан сөз сөйледі.
Ұзақ жылғы және мінсіз еңбегі үшін Сейдім Әубәкірұлы КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденімен, ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, «Үздік белгісі» төсбелгілерімен марапатталған.
Ауыр қазаға байланысты марқұмның жақындарына, отбасына көңіл айтамыз.