- Басты жаңалықтар
- Оқиға
- "Қабырғасы сынып, бауыры ісіп кеткен": Жамбыл облысында әскерге сау кеткен сарбаз ауруханаға түсті
"Қабырғасы сынып, бауыры ісіп кеткен": Жамбыл облысында әскерге сау кеткен сарбаз ауруханаға түсті
Жамбыл облысында әскерге сау кеткен сарбаз 8 ай өткен соң ауруханадан бірақ шықты. Тіпті жақындары бұл жағдайда әскерилер естіртпей, өздігінше емдемек болыпты. Бірақ нәтиже болмаған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Информбюро жазды. Дерекке сүйенсек, соққының салдарынан сарбаздың қабырғасы сынып, бауыры ісіп кеткен. Ең сорақысы, бұл істі жылы жапқысы келген әскерилер туыстарына тіс жармастан сарбазды ауруханадан алып шығып емшілерге апарған екен. Енді ұлдың анасы шырылдап отыр. Тіпті шала жансар күйде жатқан ұлының жағдайын ойлап күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған.
Қазан айында Жамбыл облысындағы 91/678 әскери бөліміне отан алдындағы борышын өтеуге кеткен ұлы Ерлан Бекеевтің маусым айының басында ауырып жатқанын естіген. Әуел баста құлап қалдым деген сөзіне сеніп жүре бердік деген Гүлжәмилә Бәйленова кейіннен жағдайының нашар екенін сол жақта тұратын туысынан естіген. Нәр татудан қалған ұлым да кейін әскери бөлімдегілердің аяусыз соққыға жыққанын мойындады дейді. Ал, ұрған кісілер ұлымды әбден қорқытып тастаған деп отыр.
"Үш жылдық контрактідегі сержант баламды ұрған. Басынан тепкен, ішінен тепкен. Баланы сөйтіп қорқытқан. Сенің әлі 4 айың бар қазір 8 ай өтедің. Егер айтатын болсаң қалған төрт айыңда саған азап беремін. Военный билет бермеймін характеристикаңды жамандап жазып берем деп баланы қорқытқан", - дейді ұлдың анасы Гүлжәмила Бәйленова.
Бапкер болғысы келген ұлым жоғарғы оқу орнына түсе алмай қалды дейді анасы. Бүгінде әскерге барғандарға оқуға түсу мүмкіндігі қарастырылғанын естіп, бірден өз еркімен отан қорғауға кеткен болатын деп отыр. Тіпті, соңғы уақыттарда 5 жылға келісіммен әскерде қалуды да көздеп жүрген еді дейді. Бірақ, аяусыз соққыдан кейін жағдайы нашарлап кеткен. Ал, әскери бөлімдегі ақ халаттылардың қолынан емдеу келмеген соң, қызметкерлердің емшілерге апарғанын айтады.
"Операция жасауға болмайды деп өздері емшіге апарады баланы. Емшіге апарса бастан сотрясения алған, үш қабырғасы сынған баланың, өті қозғалған, бауыры ісіп тұр деген. Бала жазылмағаннан кейін, баланың жағдайы төмендей бастағаннан кейін Таразға ауыстырады", - дейді сарбаздың ағасы Нұрдәулет Бекеев.
Жамбыл облысындағы ауруханалардан ем таппаған жандар оны Алматыға ауыстыруға келіседі. Бірақ, анасы жағдайы мүшкіл баланы қазір Жаркент пен Алматының арасында ары-бері сүйреп әбден мезі қылғанын айтып отыр. Ас батпаған бала әбден қалжыраған дейді. Ал, қорғаныс министрлігінің мамандары болса, Ерлан Бекеевті ешкім ұрып-соққан жоқ деп отыр. Тек кезекшілікте тұрған кезде басын ұрып алған дейді.
Әбден қалжырап жатқан ұлын өз көзімен көрген Гүлжәмилә Бәйленова мұнымен келіспейтіндігін жеткізді. Ешкіммен қақ-соғы жоқ жігітке осыншама қиянат жасағандар заң алдында жауап беруі тиіс деп әділдік іздеп әлек.