Қарағандыда бір бала уланып қайтыс болды: тағы алтауы реанимацияда
Қарағандыда балалар жаппай уланып қалды. Олардың ішінде алтауы жансақтау бөліміне жатқызылса, тағы бірін қатқару мүмкін болмаған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Облыс әкімдігінің дерегіне сүйенсек, балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жаппай улану дерегі тіркелді. Алғаш екі бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылды.
"Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бір баланы құтқару мүмкін болмады. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында",- делінген әкімдік хабарламасында.
Бұл жағдайға байланысты прокуратура тексеру жұмыстарын бастаған.
"31.07.2023 жылы «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де балалардың тамақтан улану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабы 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - делінген ақпаратта.
Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданды. Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады.