Sunday, 24 November,2024

Қарағандыда бруцеллез дендеп барады: Мал ауруын 19 адам жұқтырған

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Қарағанды облысының үш ауданында бруцеллез ауруы тіркелген. Тіпті мал ауруы адамдарға да жұғуда, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы КТК хабарлады. Онда Қарағанды облысында бруцеллез ауруы асқынуынан Қусақ, Мәди, Мыңбаев ауылында ветеринарлық шектеулер енгізілгені, оған қоса ауылдарда ет пен сүт өнімдерін шығаруға тыйым салынғаны айтылады.

Телеарнаның мәліметінше, ауырған 200-ден аса ірі қара мал ет комбинаттарына жіберілген. Әр бастың нарықтық құны өтеліп жатыр. Ауру анықталған малдардан әр екі апта сайын сынама алынуда. Сондай-ақ медицина қызметкерлері жұқпалы ауру малдан адамға берілетіні туралы дабыл қағуда.

Медицина қызметкерлерінің сөзінше, жыл басынан бері аталған мал ауруын 19 адам жұқтырған. Науқастардың қызуы көтеріліп, ұйқысы қашады және белі ауырады. Медицина қызметкерлері азаматтарға ірі қара мал өнімдерін тек ветеринариялық бақылау жүргізілетін базарлар мен дүкендерден алу керектігін айтты.

Мамандардың сөзінше, қауіпсіздікті сақтау мақсатында ет пен сүтті ұзақ уақыт қайнатқан дұрыс.

Ұсынылатын