Saturday, 23 November,2024

Қарағандыда ер адам 2 жасар қызы мен әйелін кепілге алған

Uaqyt.info
Фото КТК

Қарағандыда 24 жастағы ер адам азаматтық некедегі әйелі мен 2 жастағы қызын кепілде ұстаған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

КТК телеарнасының хабарлауынша, 26 сәуірде сағат 12.00 шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Теміржол полиция бөліміне қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберіліп, хабарлама расталды.

"Белгілі болғандай, 24 жастағы азамат 21 жастағы бірге тұратын жары мен 2 жастағы қызын пышақпен қорқытып, күштеп ұстаған. Алайда ол ешқандай шарт қоймаған. Қаскөймен арадағы келіссөз үш сағаттан астам уақыт жүргізілді. Азамат ешқандай келіссөзге көнбеді. Сондықтанда кепілдегі адамдардың өміріне қауіп төнгендіктен, полиция қызметкерлеріне шұғыл шешім қабылдауға тура келді", - деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері пәтердің есігін бұзған бетте, "Арлан" арнайы мақсаттың қызметкерлері бірден ішке кіріп, күдіктіні қолға түсірді. Алдын ала болжам бойынша, азамат есірткілік масаң күйде болған. Жәбірленуші азаматша мен оның қызына ешқандай зақым келген жоқ. Олар дағдарыс орталығына орналастырылып, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

"Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 126-бабы 2-бөлігі 3-пунктіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Ұсынылатын