Қарағандыда қаза болған тәртіп сақшыларының отбасыларына құрмет көрсетілді
Қарағандыдағы отбасына көмек көрсетудің біріңғай орталығында қызмет бабында қаза болған тәртіп сақшыларының жақындарын ұлықтау іс-шарасы өтті, – деп хабарлайды Uaqyt.info.
Polisia.kz жазуынша, Конституция күні мен білім күні қарсаңында департамент басшылығы арадан ерте кеткен әріптестерінің жұбайлары мен балаларына құрмет көрсетіп, арнайы сыйлықтар табыстады.
Антына адал, сертіне берік болып, ақтық демі қалғанша ұлтына қызмет еткен тәртіп сақшыларының есімі қашан да әріптестердің жадында. Батыр жігіттердің артында қалған отбасы полиция департаменті басшылығының қамқорлығында болары сөзсіз.
“Полиция департаментінде қызмет атқаратын жолдастарына, әріптестеріне алғысымды білдіремін. Жолдасым Абзал қайтыс болғаннан бастап, бізге көңіл бөлмей қалған күндері болмаған. Балаларына сыйлықтарын беріп, қолдау көрсетіп отырады. Сондықтан да барша полиция қызметкерлеріне рақметімді айтамын”, – деді Айнамкөз Ботайқызы.
Республикада теңдесі жоқ орталықта тұрмыстық салада құқықтық кеңес, көші-қон сұрақтары бойынша түсініктемелер беру, сонымен қатар қиын жағдайға тап болған отбасыға көмек көрсету сияқты жұмыстар жүзеге асырылады.
“Біз осы орталықта көмек көрсетумен қатар балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында оларды үйірмелерге тартып, волонтерлық қызметтерге жұмылдырамыз”, – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Гүлбану Сатбаева-Алпысбаева.