Saturday, 23 November,2024

"Қарапайым күрек жоқ..." Абай облысында куәгерлер орман өртіне байланысты ащы шындықты айтты

Алмас Абылай
Фото Видеодан кадр

Абай облысындағы алапат орман өрті дес берер емес. Жалындаған от жайылып барады. Ал куәгерлер мұндағы азаматтарға ешқандай да жағдай жасалмағанын айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Абай облысындағы орман өртінің қазіргі жағдайын тілшілерімізге куәгерлердің бірі айтып берді. Сөзінше өрт жалындап жайылып барады. Ешқандай да ауыздықталған түрі жоқ деп отыр. Тіпті ондағы азаматтардың қолына қарапайым күрек те берілмеген.

"Бородулиха жақтан басталған ғой өрт. Жанып Шулбинскке жетті. Сондағы ауылдардың тұрғындары көшірілді. Киім-кешек секілді заттар жеткіздік. Тіпті қарапайым күрек жоқ қой. Ешқандай жағдай жасалмаған. Өрт күш алып кеткен. Жалын сұмдық 5 қабатты тұрғын үйдің биіктігімен бірдей. Көлік те, адам да жақындай алмайды. Тек тікұшақтар ғана ұшып жүр. Өртті үлкен ұшақтармен су әкеліп сөндірмесе, қазір нәтиже берер түрі жоқ", - дейді куәгерлердің бірі.

Айта кетейік, Абай облысындағы алапат орман өрті қазіргі уақытта 60 мың гектар аумаққа жайылған. Алғаш тұтанған отты сөндіреміз деп жеке көлігімен, жеңіл аяқ киіммен шыққан қызметкерлердің 15-і көз жұмған еді.

Ұсынылатын