Monday, 20 May,2024

“Қартайтып жіберді”. Біріңғай уақыт белдеуі адамдардың туған күніне әсер етті

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Бірыңғай уақыт белдеуіне байланысты  әлеуметтік желілерде түрлі түсініспеушілік болып жатыр. Бірі бір жасқа қартайып кеттім десе, енді бірі туған күнінің өзгеріп кеткенін айтуда, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Мәселен Facebook-тегі парақшасында журналист Гүлбану Әниятқызы екі қызы мен өзінің туған күндерінің өзгеріп кеткенін жазды.

“eGov.kz қуды. Уақытпен бірге туған күндеріміз де өзгеріп кетіпті. Екі қызыммен қосып мені де бір күнге қартайтып жібергені несі?! Туған күнім енді 24 наурыз емес 23 наурыз”, - деп жазды Гүлбану Әниятқызы.

“Қартайып кеттік” деп жазған жалғыз журналист Гүлбану Әниятқызы ғана емес. Мәселен Бақытнұр Әлібай есімді желі қолданушысы да Facebook парақшасында жеке төлқұжатына қатысты жазба қалдырды.

“Кеше ғана 10 қаңтарда туған ұлан едім. 1 сағат артқа жылжытамыз деп 1 күнге қартайтып жіберіпті”, - деп жазды Бақытнұр Әлібай.

Жеке деректерге қатысты өзгерістердің болғанын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ растап отыр. Ондағылар қателіктердің алдағы уақытта жөнделетінін айтып, түсініктеме берді.

“Жүйелер штаттық режимде жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтерді eGov.kz арқылы алу да әдеттегідей қолжетімді. «Цифрлық құжаттар» сервисінде деректердің дұрыс көрсетілмеуінің жеке жағдайлары анықталды. Қазіргі уақытта біз барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз және ағымдағы деректер жақын арада қолжетімді болады. Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз”, - деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

Мәселені тексеріп көрмек болып, біз де Kaspi.kz қосымшасына кіріп, тексеріп көрдік. Онда әзірге сервис уақытша жұмыс істемей тұр.

Ұсынылатын