Қарызын қайтарғысы келмеген Астана тұрғыны туысын өлтіруге тапсырыс берген
500 мың доллар қарызын қайтарғысы келмеген Астана тұрғыны жақын туысын өлтіруге тапсырыс берген, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Polisia.kz медиа-порталының жазуынша, 57 жастағы әйелді өлтіруге оның туысы тапсырыс берген. Күдікті сол арқылы жәбірленушінің 500 мың доллар ақшасын өзінде қалдырмақ болыпты.
Ұйымдастырушы өзінің танысы арқылы “орындаушымен” мәміле жасасып, оған шартты 10 миллион теңгенің бір миллион теңгесін алдын ала төлем ретінде берген, сондай-ақ болжамды жәбірленушінің фотосуреті мен басқа да деректері бар ұялы телефонды тапсырған.
“Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде қылмыстың барлық қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіруге тапсырыс беруші жәбірленушінің туысы екені анықталды. Жәбірленуші оған ағымдағы жылдың ақпан айында 500 мың АҚШ долларын сақтауға берген, бұл қылмыс жасауға себеп болған. Өзге деректер тергеу мүддесінде жария етілуге жатпайды”, - делінген хабарламада.