Sunday, 24 November,2024

Қаскелеңде жаңа босанған әйел перзентхананың үшінші қабатынан секіріп кетті

Uaqyt.info
Фото

Алматы облысының Қаскелең перзентханасында жаңа босанған әйел үшінші қабаттан секіріп кетті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Сұмдық жайтты белгілі заңгер Сәуле Бикитеева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Жүкті әйел перзентханаға осыдан төрт күн бұрын келген екен.

"Үшінші қабаттан құлады. Ол кісі бізге төрт күн бұрын түскен. Үш жүктілік болған, үшеуі де сәтсіз болған. Бірінші баласын ішінде жоғалтқан. Екінші баласын экомен көтерген. Ол баласы 26 аптасында тағы солай келді. Жоспарлы түрде отаға алынды. Үш баласын да жоғалту оңай емес қой. Босанудан кейінгі күйзеліске түсті ме? Қасында дәрісін беріп, медбике тұрған. Медбикені итеріп жіберіп, өзі секіріп түскен. Бала ішінде қайтыс болған. УЗИ-да анықтаған, қозғалмай қалған екен, баланың жүрегі тоқтаған, солай перзентханаға түскен. Кесарь тілігі жасалғаннан кейін үшінші күні секірген", - деді перзентхана өкілі.

Дәрігерлер өзіне қол салмақ болған әйелдің мұндай қадамға баруын ішіндегі баланың шетінеп кетуімен байланыстырады. Өйткені, бұған дейін де ол үш рет жүкті болып, үшеуінде де бала сүю бақытына жете алмаған. Перзентхана меңгерушісі Ғани Қалдыбаевтың айтуынша, әйел  жансақтау бөлімінде жатыр.

"Қасында жансақтау бөлімінің қызметкерлері болды. Медициналық қызметкерді күшпен итеріп жіберіп, өзі секіріп кеткен. Бізге іштен шетінеп кеткен сәбиімен түсті. Қазір әйелдің жағдайы бірқалыпты. Кеше нейрохирург, травматолог қарап, көмегін көрсетті. Басына зақым келмеген, қолында жарақаттар бар", - деді Ғани Қалдыбаев.

Ұсынылатын