Қаза тапқан өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков Айбын орденімен марапатталды

Алматыдағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Telegram-дағы Ақорда арнасы хабарлады.
“Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды”, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласында дүниеге келген. Ол 8 мамырда Іле-Алатау табиғи паркінің тау бөктеріндегі өртті сөндіріп жүріп, қайғылы жағдайда қаза тапты.