Қазақ әдебиеті жаңа үш романмен толықты
Жазушылар одағының бастамасымен, меценат Махат Төреәлінің және депутат Мақсат Толықбайдың қолдауымен үш кітап жарық көрді. Жоба авторлары бірнеше ай бұрын «Жас қалам – жаңа роман» атты конкурс жариялаған болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Жаңа үш романның жарық көргенін Мақсат Толықбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Онда депутат жазушы Мақсат Мәліктің, Қанат Әбілқайыр және Әлібек Байболдың алаңсыз жазуына барлық жағдай жасалғанына тоқталған.
“ Үш жазушыға ай сайын 500 мың теңгеден төлеп, баспаның қаржысын да өз мойнымызға алдық. Расында жазушы Бейбіт Сарыбай екеуміздің ойымызда жүрген шаруа еді, іске асқанына қуаныштымын. Үш жігіттің алаңсыз роман жазуына жағдай жасап, демеушілік көрсеткен кәсіпкер, аға-дос Махат Төреәліге ерекше рақмет!", - деді депутат.
Депутат әдебиет пен оқырман игілігі үшін жасалған игі істің жалғасты болатынын айтады.
"Тоғыз үміткердің арасынан үш автор таңдап алынды. Олар: Мақсат Мәлік («Абыл мен Қабыл» романы), Қанат Әбілқайыр («Ағыраптағы аты жоқ адам» романы), Әлібек Байбол (Мұтылған») романы. Үшеуі де әдеби ортада мойындалған, өзіндік қолтаңбалары, оқырмандары қалыптасқан жазушылар.
Үш авторға Жүсіпбек Қорғасбек, Нұржан Қуантайұлы, Дәурен Қуат сынды көрнекті жазушылар тәлімгер болды. Тәлімгерлерге ай сайын қаламақы төленді”, - деп жазды Мақсат Толықбай.
Айта кетейік, кітаптардың таныстырылымы 12 сәуір, сағат 15:00-де Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтеді.