Қазақ күресі клоунадаға айналды – журналист
Спорт журналисі Аслан Қажен дәстүрлі түрде жылда ұйымдастыралатын “Өнер барысы” жобасын сынға алды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Онда Аслан Қажен Ұлттық спортты мазақ қылғандарға наразылығын білдірген.
«Өнер барысын» көріп құсқым келіп отыр. Ұлттық спортымызды не қылып жібердіңдер? Қай халық осылай өзінің жекпе-жегін приколға айналдырады? Дзюдоны, сумоны не каратэні мазақ қылған жапонды көрдіңдер ме? Таэквондоны шоуға айналдырға кәрісті білесіздер ме? Бер жағында орыстар самбосын, өзбектер курашын не татарлар белбеу күресін осынша төмендете ме? Кім жауапты бұған? Қанша ақша бөлінді? Неге мемлекеттік арнадан көрсетіледі?
Бір белдесудің өзінде «сүйкімді қанішер», «холодильниктер күресі» не «смело айырып тастаймын» деген әңгімелер айтылып жатыр. Соңына дейін көре алмадым. Мына түрімізбен жақын болашақта адам болмаймыз? Кезінде осы қазақ күресін қайтадан аяққа тұрғызып, оны, тіпті, Азия және Олимпиада ойындарына қосқысы келді. Қаншама жұмыс атқарылды? Қанша қаражат шашылды? Ал, мыналар бәрін сызып тастады ғой. Дәл осы форматтағы күресті ешбір жарыс бағдарламасына қоспайды.
Басқа біреу мазақ қылып жатса, бір жөн. Жігіттер не болды сонша? Не істеп жатсыңдар? Ұлттық спорт жанашыларлары қайда? Ұлт жанашырлары қайда? Бейбіт Ыстыбаев, Ұлан Рысқұлбек, Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғымаров , тағы басқалары, неге үнсіз отыр? Сіздерді «батыр» дейді ғой. Бір пікір білдіре алмайсыздар ма? Вообщым, көңіл қалды. Тура мағынасында құсқым келді. Бізге сырттан жау керек емес. Өзімізбен-өзіміз іріп, өз түбімізге өзіміз жетеміз..”, - деп жазды Аслан Қажен.