Monday, 25 November,2024

Қазақ тазысы алғаш рет әлемдік көрмеге қатысады

Алмас Абылай
Фото Қансонар

Қазақ тазысы алғаш рет халықаралық "World Dog Show-2023" иттер көрмесіне қатысады. Шара 21-23 тамыз күндері Женевада өткізіледі, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Әлемдік иттер көрмесі Халықаралық кинология федерациясы (FCI) Бас ассамблеясының отырысы аясында өткізіледі. Қазақстан кинологтары одағынан мәлім еткендей, қазақы тазылар мұндай дүниежүзілік чемпионатқа тарихта тұңғыш рет қатысқалы отыр. Оған еліміздің төлтума ит тұқымдарын халықаралық аренаға таныту жұмыстарын белсенді жүргізіп келе жатқан Қазақстан кинологтары одағы мұрындық болған.

Швейцария Ұлттық кинологиялық қоғамы Қазақстан кинологтары одағының өтінішін қарастыра келіп, тазыны Женевада өтетін Әлем чемпионатына қатысатын ит тұқымдарының тізіміне қосып отыр.

"Қазақы тазы тарихта алғаш рет Еуропалық одақ елдерінің дүниежүзілік көрмесіне қатысатын болды. Осы жолда үлкен жұмыс атқарылды. Біз Бельгиядағы FCI-мен арада (Халықаралық кинологиялық федерация) бірқатар келіссөз жүргіздік. Биыл сәуір айында Қазақстан кинологтары одағының өтініші бойынша, "Kazakh Tazy" тұңғыш рет Халықаралық кинология федерациясында ит тұқымдарының номенклатуралық тізіміне енгізілді. Біздің ұсынысымыз FCI тарапынан қолдау тапқанына өте қуаныштымыз", – дейді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Ұсынылатын