“Қазақ тілі” қоғамының арқасында әлемдік туындылар қазақша сөйлей бастады

«МОАНА 2», «ОЙЖҰМБАҚ 2» фильмі, «Веном. Соңғы би», «МУФАСА: АРЫСТАН ПАТША» туындылары қалың көпшілікке қазақ тілінде көрсетілді. Айта кетейік, әлемдік үздік фильмдер мен анимациялық фильмдерді «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысымен Sony Pictures және DISNEY & PIXAR СТУДИЯЛАРЫ өз қаражатына аударып, дубляждады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Мәселен, «МОАНА 2» фильмнің қазақша нұсқасы бокс-офистердің 12,36% үлесін қамтыды. Кассалық табыс үлесі 12 күнде 151 000 000 теңгеден асып, қазақшаға аударылған анимациялық фильмдер арасында ең табысты туынды ретінде рекорд орнатты.
Ал «ОЙЖҰМБАҚ 2» фильмі алғашқы 4 күнде 40 000 000 тг-ден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатты. Сондай-ақ Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан,Тәжікстан елдерінің арасында Қазақстан жиналған сома бойынша 1 орында екенін айта кетейік.
Тағы бір жақсы жаңалық! 2025 жылдың наурызында «АҚШАҚАР» фильмдері қазақ тілінде көрсетіледі.
Біз бұған дейін “Қазақ тілі” қоғамы туралы бірнеше материал жазған болатынбыз. Бүгінгі таңда қордың жинаған сомасы 500 миллион теңгеге жуықтады, оның 100 миллион теңгесін белгілі меценат, алматылық депутат Дулат Тастекей аударды.