Tuesday, 26 November,2024

Қазақстан әлемдік баспасөз еркіндігі рейтингінде нешінші орында тұр?

Uaqyt.info
Фото pixabay

"Шекарасыз репортерлар" ұйымы жасап шығарған рейтингте Қазақстан 134 орында тұр. Былтырғы көрсеткішке қарағанда еліміз 12 сатыға төмендеген, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Stan.kz ақпараттық порталының жазуынша, Қазақстанда сөз еркіндігі нашарлап, интернетті бақылау күшейген.

"Шекарасыз репортерлар" ұйымы жыл сайын жасайтын жаңа рейтингке сәйкес, жаһандық баспасөз бостандығының жағдайы күрт нашарлап бара жатқанын байқауға болады.

Жаңа тізімде 31 ел ең нашар көрсеткіштер санатына енді, екі жыл бұрын бұл қатарда 21 ел болған. Журналистерге агрессивті қарайтын үкіметтер (тіпті демократиялық деп саналатын елдерде де) қатары артқан. Сондай-ақ, кең ауқымды жалған ақпарат пен үгіт-насихат науқандарын жүргізіп жатқан елдер саны артып келеді, бұл еркін БАҚ жұмысын қиындатады және қауіпті етеді, деп жазады Шекарасыз репортерлар.

"Шекарасыз тілшілер" биылғы есебінде "Қазақстанда үкімет ақпарат кеңістігін бақылағысы келетінін", "ақпаратқа қол жеткізу шектелгенін, үкіметтің брифингілерінде журналистер цензураға тап болатынын" айтады.

"Шекарасыз тілшілер" Қазақстанда Конституция цензураға тыйым салса да, елде цензура бар екенін, дереккөзді құпия сақтау құқығы тапталатынын айтады.

"Шекарасыз тілшілер" Қазақстанда мемлекет қолдайтын басылымдар ресми пропаганда мен мемлекет саясатын насихаттауға тиіс екенін, ал тәуелсіз басылымдар тек жарнамаға арқа сүйейтінін мәлімдеген.

Өзге елдердегі жағдай қалай?

Украинаға басып кіргеннен кейін соңғы кезеңдегі "қиын жағдай" санатында болған Ресей биыл тағы тоғыз орынға төмендеп, 164-ші орынға тұрақтады. Соңғы бір жылда Кремльдің бағытын қолдамайтын ақпарат құралдарының барлығы не жабылып, не елден шеттетілген.

Беларусь Ресейден сәл жоғары - 157-ші орында тұрғанымен сонымен бірге ең төменгі санаттан орын алған. Тәжікстан, Үндістан және Түркия "проблемалық" санаттан ең төменгі санатқа – "өте күрделі жағдайға" түскен.Түркия демократиялық деп саналатын мемлекеттердің ішінде журналистерді ең көп түрмеге жапқан ел.

"Шекарасыз тілшілердің" баспасөз еркіндігі индексінде Өзбекстан 133-орыннан 137-орынға, Тәжікстан 152-орыннан 153-орынға төмендеген.

Рейтингті қорытындылайтындар (кему ретімен 175-тен 180-ге дейін) Ресейдің барлық одақтастары: Сирия, Түркіменстан, Иран, Вьетнам, Қытай және Солтүстік Корея.

Жаңа есепте журналистер үшін ең қауіпті аймақ – Таяу Шығыс екені айтылады.

Баспасөзі еркін елдер қайсы?

Баспасөз еркіндігі индексінде алғашқы ондықта Норвегия, Ирландия, Дания, Швеция, Финляндия, Нидерланд, Литва, Эстония, Португалия, Шығыс Тимор тұр. Украина 106-орыннан 79-орынға көтерілген.

Ұсынылатын