Қазақстан мұнайды Ресейді айналып экспорттау үшін танкерлер сатып алуда
Қазақстан мұнайын экспорттау үшін балама жол іздеуге белсенді кіріскен. Тіпті осы мақсатта Ресейді айналып өту үшін танкерлер сатып алуда, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Bloomberg жазды. Онда Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов негізгі мақсатты түсіндірген. Яғни "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Каспий және Қара теңіз арқылы мұнай экспорттау үшін танкерлер алып жатқанын түсіндіреді. Бұл Ресей аумағы арқылы өтетін "Каспий құбыр консорциумы" дәлізіне балама көз.
Дей тұрғанымен Ресей арқылы жіберілетін мұнайдың мөлшері әлі де басым. Былтыр экспортқа шығарған мұнайдың 80 пайызын Ресей аумағымен өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы экспорттаған. Қазақстан мұнайы Каспий құбыр консорциумы арқылы Новороссийск қаласы түбіндегі Қара теңіздегі терминалына жеткізіледі.
Былтыр көктем мен жазда "Каспий құбыр консорциумының" жұмысы төрт мәрте ішінара немесе толық тоқтатылып, Қазақстан мұнайының экспорты уақытша шектелді.
Ал Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы 300 мың тонна мұнай экспорттаған. Бұл үшін танкерлерге тиелген мұнай Ақтау портынан Каспий теңізі арқылы Бакуден 40 шақырым жердегі Санғашал терминалына жеткізіледі. Келесі жылы бұл бағыт бойынша 1,5 миллион тонна мұнай экспорттау жоспарланып отыр.