Қазақстан құрамасы Ташкенттегі әлем чемпионатын жеңіспен бастады
Бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатын қазақ жігіттері сәтті бастады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Telegram-дағы BEK Sport арнасының хабарлауынша, қарағандылық Талғат Сырымбетов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тай боксшысы Сакдой Руамтхамды жеңді. Ал астаналық Айбек Оралбай 92 келіге дейінгі салмақта Болгария боксшысы Радослав Панталеевтің осал тұсын тапты.
Естеріңізге сала кетейік, Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ел намысын 13 салмақ бойынша қорғайды.
Олар: Санжар Тәшкенбай (48), Сәкен Бибосынов (51), Махмуд Сабырхан (54), Серік Теміржанов (57), Талғат Сырымбетов (60), Санатали Төлтаев (63,5), Дулат Бекбауов (67), Асланбек Шымбергенов (71), Нұрқанат Райыс (75), Нұрбек Оралбай (80), Сағындык Тоғамбай (86), Айбек Оралбай (92), Қамшыбек Конқабаев (+92).