Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап мектеп бағдарламасына өзгеріс енеді
Қазақстанда 1-ші қыркүйектен бастап мектептердегі бірқатар сыныптардың оқу бағдарламасы өзгереді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Мектеп бағдарламасындағы өзгеріс “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Бұйрық жобасының мақсаты - білім беру мазмұнын түзету болып табылады. Осылайша ашық талқылауға шығарылған құжатта 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2-сыныпта "Көркем еңбек" пәнінің орнына "Еңбекке баулу" және "Бейнелеу өнері" пәндері енгізілгені, "Шет тілі" пәні алынып тасталатыны жазылған. Сонымен қатар төмендетілген оқу жүктемесімен 10-11 сыныптардағы үлгілік оқу жоспарларының вариативтік компонентіндегі 1 сағат "Шет тілі" пәніне берілмек.
"Қазақстандық білім беруді ағымдағы жаңғыртудың түйінді бағыттары оқушыға түсетін оқу жүктемесін азайту, STEM білім беру тәсілдері, тәрбиелік компонент негізінде жаратылыстану-математикалық пәндерді оқытуды күшейту, білім алушыларды ерте әлеуметтендіру және кәсіптік бағдарлау, білім берудің инклюзивтілігін күшейту, тұрғылықты жеріне және оқыту тіліне қарамастан сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады", - делінген құжатта.
Нәтижесінде 11 жылдық оқыту шеңберінде оқу бағдарламаларын жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс Қазақстандық білім беру жүйесін білім берудің халықаралық стандарттық сыныптамасы деңгейіне шығаруға және мектеп түлектеріне Еуропалық біліктілік шеңберінің қажетті деңгейлерін меңгеруге мүмкіндік беру күтіледі.
Құжат 24-ші сәуірге дейін қоғам талқылауында болады.