Қазақстанда енді әскерге бармағандарға әскери билет алу міндеттелмейді
Елімізде әскери билет алмаған азаматтар енді бұл қажеттіліктен босатылуы мүмкін, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қорғаныс министрлігі дерегіне сүйенсек, дәл осы құжат заң тұрғысынан бекіту сатысында тұр.
"Әскери қызмет өткермеген азаматтар әскери билет алу қажеттілігінен босатылады. Бұл шара сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетіп, бюджет қаражатын үнемдейді. Мұндай жаңашылдықтар заң тұрғысынан бекіту сатысында тұр", - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, әскери жүйені цифрландыру мақсатында әр азаматтың жеке кабинеті құрылмақ. Дәл сол жерде қажетті құжат электронды түрде сақталады. Егер бұл жүйе де іске асса әскери билетті жоғалтқаны үшін айыппұл төлеу деген де алынып тасталмақ.
Мамандар мұның жұмыс берушіге де ыңғайлы екенін айтады. Яғни олар өз қызметкерлері туралы мәліметті Enbek және "Е-қызмет" жүйелері арқылы көре алады.
Сонымен қатар тұрғылықты мекенжайын ауыстырған қазақстандықтардың әскери тіркеу орны да автоматты түрде ауысып отырады.