Қазақстанда еркектерге ұрығын тапсырып, табыс табу жолы жеңілдетілмек
Медициналық қауымдастық Үкіметке төл ұсынысымен шықты. Олар экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) кезінде қажет болатын ұрықты тапсыра алатын ерлердің санатын күрт кеңейту бастамасын көтерді. Оны Денсаулық сақтау министрлігі де қолдап отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Дерекке сүйенсек, бүгінде Қазақстанның заңнамасы бойынша жастарға ғана ұрық тапсыруға рұқсат етілген. Яғни тек қана 18 жастан 35 жасқа дейінгі, "тәні мен психикасы сау, медициналық-генетикалық зерттеп-қараудан өткен Қазақстан азаматтары" жыныстық жасушалардың, репродуктивтік ағзалар тіндерінің донорлары бола алады. Басқаларына тыйым салынған.
Енді қауымдастық мүшелері осы жас аралығын 40-қа дейін көтеруді ұсынып отыр. Бұл істен табыс таба алатын ерлер саны күрт артады деген жоспар бар.
Сонымен қатар, донорларға қойылатын талапты да жеңілдету көзделген. Яғни қазір ұрық тапсыруға ұзынсонар кезек тұрған жоқ. Өйткені әлеуетті донорларды үркітетін бірнеше кедергі бар көрінеді. Біріншісі – Денсаулық кодексінің 148-бабында жазылған. Екіншіден, клиникалар ұрықтың нақты талаптарға сәйкес келгенін талап етеді. Мәселен:
эякулят көлемі 2 миллилитрден кем болмауға;
әрбір миллилитрде 60 миллионнан көп сперматозоид шоғырлануға;
оның ішінде белсенді формалары (А+В) 50%-дан асуға;
морфологиялық тұрғыдан қалыпты формаларының (мутант еместерінің) үлесі 30%-дан артық болуға;
криотолерантты, яғни ұзақ уақыт сақтау үшін криоконсервациялап, қатыруға төзімді болуға тиіс.
Үшіншіден, ұрық тапсырмас бұрын ер адам медициналық тексеруден өтуі, андрологқа қаралуы шарт. Осы кезең донорлардың шығын шығаруын талап етеді.
Салдарынан мамандардың әңгімелеуінше, 35-ке дейінгі көптеген жігіттер өзіне сенімсіз болып, талаптардың бәрін тыңдай сала, тайып тұратын көрінеді. Босқа шығын шегуден сақтанады.
Осы орайда Үкімет пен Парламент Денсаулық кодексіне түзетулер енгізсе, өзіне сенімді ерлер саны артуы мүмкін.
Айта кетейік, бүгінде ұрықтың 1 порциясы (кем дегенде 2 миллилитрі) үшін 40 мың теңге төленеді екен. Бұдан 10% жеке табыс салығы ұсталып, донордың қолына 36 000 теңге беріледі.