Қазақстанда қыз алып қашу қиындамақ: Заң талқыланып жатыр
Елмізде үйленуге бел буған жігіттердің ұнағанын қызын алып қашып кетуі қиындамақ. Себебі бұл әрекетке байланысты жауапкершілік жазасы қатаңдатылғалы отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі мәліметінде айтылған. Өазір уәкіл кеңсесі тұрмыстағы әрі отбасындағы зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқықтарын бұзу мәселелеріне талдау жүргізіп жатыр.
"Қазіргі кезде Омбудсмен кеңсесі қылмыстық заңнамаға бірқатар түзетулер енгізуді пысықтап жатыр. Атап айтқанда, осыған қатысты жеке бапты енгізу ескерілген. Сондай-ақ жәбірленген адамды өз еркімен босатқан жағдайда, күдіктіні қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 125-бабына ескертпені алып тастау қарастырылып жатыр. Орталық Азия елдерінің тәжірибесіне қарасақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан қылмыстық заңнамаларында әйелдерді некеге мәжбүрлеп тұрғызу мақсатында ұрлау қылмысына қатысты жеке бап бар. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің бастамасымен Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1 бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды. Бұл бап әйелдерге қатысты қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Бас прокуратура Омбудсменнің Қылмыстық кодекске 125-1-баптың жеке бөлігін енгізу туралы ұсынысын қолдады", - делінген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі зерттеуінде.
Мұндай шешім мәжбүрлі түрде некеге тұрған қыздарға күйеулерінің кей жағдайда зорлық-зомбылық көрсетуі себеп болған.
Сонымен қатар, көп әйелдер осындай әрекеттің құрбаны болса да ұлттық дәстүр, әдет-ғұрыптар сынды стереотиптерді басшылыққа алып ешкімге хабарламай, жасырып жататынын да меңзеген. Енді жоба күшіне енсе білмеушілік немесе дәстүр заң аясынан ер азаматтарды қорғай алмайды.