Қазақстандағы ең жас миллионер Марат Әбиев 7 жылға сотталды
Қазақстандық кәсіпкер, бірнеше мотивациялық кітап авторы Марат Әбиевке сот үкімі шықты. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
"Болашақ сәулетшілері" қорының жетекшісі Марат Әбиев өткен жылдың қараша айында Астанада 300-ге жуық адамды көшеге жинап, заңсыз шеру ұйымдастырғаны үшін ұсталған болатын. Осылайша ол азаматтарды құқыққа қайшы әрекеттер жасауға ынталандырумен ұштасатын қоғамдық бірлестікті (ҚК 404-бабының 1-бөлігі), сондай-ақ қоғамдық шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудыратын жалған ақпарат таратумен айналысқан қоғамдық бірлестікті құрды және оған басшылық жасады (ҚК 274-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы) деп айыпталды.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, мамандардың қорытындысымен, жүргізілген сараптамамен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот оған 5 жыл мерзімге қоғамдық бірлестік құру және басқаруға тыйым салып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.