Monday, 16 September,2024

Қазақстандағы уран қорының 60 пайызын шетелдіктерге берген кімдер?

Uaqyt.info
Фото Коллаж/uaqyt.info

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің Қазақстандағы уран қорының 60 пайызын Ресей мен АҚШ-қа бергені белгілі болды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы ҰҚК бұрынғы бастығы Амангелді Шабдарбаев Youtube-тегі Abay Live арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Онда ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен уран қорының 60 пайызы АҚШ пен Ресей президенттеріне берілгенін айтады. Ал Назарбаевтың нұсқаулығын "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев бұлжытпай орындапты.

“Қазір Мұхтар Жәкішев Путинге, Ресейге тиісіп жатыр. Ол айтқан сөздерінің жаны бар. Владимир Путиннің жеке өз басына және АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонға біздегі уранның бір бөлігі берілген. 60 пайыз уран Назарбаевтың тапсырмасымен таратылды. Сол таратылған 60 пайыздың барлығы Мұхтар Жәкішевтің қолымен жасалды. Құжаттардың барлығында Мұхтардың ғана қолы тұр. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Жәкішевке сондай құқық беріп қойды. Сол кезде қаншама премьер-министр болды. Олардың бірінің де бұған қатысы жоқ”, - деді Амангелді Шабдарбаев.

Сұхбат барысында Шабдарбаев Жәкішевтің Жапониямен келісімге келіп, өзі де қитұрқы әрекеттерге барғанын алға тартады. Содан кейін Назарбаевпен арадағы қарым-қатынасы бұзылып, кейіннен бұрынғы президент сенімді адамын соттауға пәрмен берген.

“Назарбаев маған Жәкішевті тұтқындаңдар деп айтты. Олар өте жақсы дос болған адамдар. Қарым-қатынастары өте жақсы болды, бірін-бірі өте қатты мақтайтын. Содан оны тұтқындау туралы тапсырмадан кейін Жәкішев қызметінен кетті. Прокуратура санкция бергеннен кейін біз тексеруді бастады. Содан оның сейфінен 3 милоион доллар шықты. Бізге тергеу бастау үшін сол да жеткілікті болды ол кезде”, - деді Амангелді Шабдарбаев.

Айта кетейік, 11 жыл түрмеде отырған Мұхтар Жәкішев 2020 жылдың наурызында бостандыққа шыққан болатын. Оған "ірі көлемдегі алаяқтық" (қылмыстық кодекстің 177-бабы) және "өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығындау" (176-бап), "заңдастыру" (193-бап), "қылмыстық топ құру" (235-бап), "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (307-бап) баптары бойынша айыптар тағылған еді.

Ұсынылатын