- Басты жаңалықтар
- Саясат Қоғам
- Қазақстандық бірнеше компания санкцияға қарамастан Ресейге дрондар мен электронды бөлшектер жеткізген
Қазақстандық бірнеше компания санкцияға қарамастан Ресейге дрондар мен электронды бөлшектер жеткізген
Қазақстанда санкцияға қарамастан Ресейге электронды бөлшектер мен дрондарды жеткізген компаниялар аты аталды. Бір қызығы аталмыш ұйым елімізде тура Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін ашылыпты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Халықаралық зерттеушілер тобы Ресей Украинадағы соғыста қолданып жатқан бөлшектерге Қазақстан арқылы қол жеткізіп отырғанын анықтады. Азаттықтың жазуынша "Санкцияны бұзу. Дрондар мен чиптер Ресейге Қазақстан арқылы қалай жетеді?" деген жаңа зерттеуде Қазақстанда тіркелген, Ресейге миллиондаған долларға дрондар мен электронды бөлшектер жеткізіп жүрген компаниялардың аттары аталады.
Зерттеу авторлары қатарында "Важные истории" жобасы, Der Spiegel басылымы, Organized Crime and Corruption Reporting Project және қазақстандық "Власть" ақпараттық сайтының қызметкерлері бар.Олар Қазақстан арқылы Ресейге санкцияға ілінген тауар тасымалдап жүрген "Аспан арба" компаниясын тапқан. 2022 жылы сәуірде Алматыда тіркелген компания өзін дрон шығарумен айналысатын DJI компаниясының Қазақстандағы ресми өкілі деп таныстырады. Директоры — Михаил Сапожников.
Былтыр аталған фирма DJI компаниясының 500-ге жуық дронын Ресейге сатқан. "Аспан арба" компаниясы Қазақстанға жалпы құны 45 миллион долларды құрайтын 18 мың дрон жеткізуге лицензия алған. Фирма дрондарды DJI-дың Нидерландыда орналасқан еншілес компаниясы DJI Europe-тан сатып алады.
Компания Еуропадан сатып алып, Қазақстанда тіркеткен қытайлық дрондардың бір бөлігін Ресейдегі "Небесная механика" компаниясына сатып үлгерген. "Аспан арба" компаниясының иегері Сапожников бұрын Илья Голбергпен бірге "Небесная механика" компаниясын басқарған.
Зерттеушілер дерегінше, Ресей "Небесная механика" дрондарын краудфандинг науқанынан жиналған ақшаға Украинадағы соғыста қолдану үшін сатып алады.
Қазақстанда тіркелген, соғыста қолданылатын санкциялық тауарлардың реэкспортына атсалысып жүрген тағы бір компания Da Group 22 деп аталады. Компания былтыр наурызда Астанада тіркелген. Зерттеу авторлары Чернет Германияда тұратын ресейлік Евгений және Елена Чернеттердің ұлы дейді. Олар Германияда — Elix-st, Ресейде "Эликс-М" компанияларына иелік етеді. Аталған кәсіпорындар электр магнитті толқындарды жұтатын тауарлар шығарады. Олар әдетте әскери техниканың радиолокациясын өзгертіп, жасыру үшін қолданылады. Фирманың клиенттері — Ресейдің қорғаныс саласындағы кәсіпорындар.
Сондай-ақ, Қазақстаннан электронды бөлшек экспорттайтын ресейлік "Прайм-эк" компаниясы да тізімге енген. Зерттеушілер бұл компания ресейлік "Прайм" компаниясымен байланысты деп есептейді. "Прайм" зерттеушілер Ресейдегі негізгі қару өндіруші деп атайтын "Ростех" мемлекеттік корпорациясына тауар сатады.