Қазақстандық блогерлер 2023 жылы мемлекетке қанша салық төледі
Өздерін әлеуметтік желіде қалталы азаматтар ретінде көрсететін блогерлер жарнама жасаудың арқасында қыруар ақша тауып жүр. Оны желі қолданушылары жақсы біледі. Естеріңізде болса, былтыр шілде айында Президент Тоқаев онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңға қол қойған болатын. Ал ол бойынша, әр блогер салық төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Қазақстанда 400-ден астам блогер тіркелген. Олар өткен жылы мемлекетке 200 млн теңгеден астам салық төлеген.
"2023 жылдың қорытындысы бойынша олар 200 млн теңгеден астам салық төледі. Егер олардың қызметі бизнеспен байланысты болса, әрине, салық төлеуі керек. Бұл үшін арнайы салық режимі бар. Жүктеме 1%-дан 4%-ға дейін", - деді Ерұлан Жамаубаев.
Әлеуметтік желіде жақындарына қымбат сыйлық сыйлап, контент жасап жүрген блогерлер өте көп. Арасында көптің түсіне кірмейтін көліктермен жүретін олардың өмірі қарапайым халық үшін қызық. Бірақ “қыруар қаражатты олар қайдан тауып жүр?” деген заңды сұрақ тууы заңды.
Айта кетейік, біздегі блогерлер көбіне ақшаны жарнамадан табады. Әу баста пицца мен сушидің жарнамасынан бастаған олар кейіннен ірі-ірі компаниялардың амбассадорына айналды.
Тіпті қаржы пирамидалардың жарнамасын жасаған танымал вайнерлер қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр.
Бірақ ғаламторға қарасаң министрдің 400 блогер дегенінен біздегілердің саны әлдеқайда асып түсетін секілді. Ал сіздер қалай ойлайсыздар, Қазақстанда қанша блогер бар?