Қазақстандық шахматшы қыз әлем чемпионатында алтынға қол жеткізді
Грузияның Батуми қаласында шахматтан өткен әлем чемпионатында қазақстандық Айару Алтынбек топ жарды. 5 - сынып оқушысы шахматтың блиц және рапид түрінен алтын және күміс жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.
Әлемнің 36 елінен 500-ге жуық шахматшы қатысқан сайыста қазақстандық шахматшылардың асығы алшысынан түсті.12 жасқа дейінгі қыздар арасында Айару Алтынбек әлем чемпионы атанып, көк туды желбіретті. Сондай-ақ ол шахматтың рапид түрінен 2 орынға ие болып, жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, Айару Алтынбектен бөлек Зарина Нұрғалиева (U-14) чемпион атанса, тағы төрт спортшымыз күміске қол жеткізді. Осылайша Қазақстан 6 күнге созылған байрақты бәсекені 2 алтын, 4 күміс медальмен аяқтады.