Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеу құқығына ие болды
Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның Еңбек министрліктерінің өкілдері EPS жүйесі аясындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) және Корея Республикасы Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің өкілдері онлайн-форматта келіссөздер жүргізіп, олардың барысында Қазақстанды Оңтүстік Кореяның «Employment permit System» жүйесіне (бұдан әрі – EPS) енгізу мәселесін талқылады. Бұл қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға, сондай-ақ оларға тең еңбек жағдайлары мен құқықтарды қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесуге Еңбекмині Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев, Еңбекмині Халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаментінің директоры Саадат Асансеитова және Корея Республикасы Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің Шетелдік жұмыс еңбегі жөніндегі басқармасы директорының орынбасары Мюнг Сунг Хон қатысты.
Асқарбек Ертаев кездесуге қатысушыларға EPS жүйесі шеңберінде кореялық дайындық орталығын ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Қазақстанда EPS орталығын ашу мүмкіндігін талқылай отырып, тараптар жемісті және сындарлы өзара іс-қимылға, сондай-ақ еңбек көші-қоны шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.