Saturday, 23 November,2024

Қазақстандықтар құмар ойынға соңғы үш жылда 1 триллион теңге ұтылған - депутат

Uaqyt.info
Фото uaqyt.info

Депутат Руслан Берденов мәжіліс отырысында құмар ойынға құныққандардың мәселесін көтеріп, Премьер-министрге сауал жолдады, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Мәжіліс депутаты Руслан Берденов құмар ойынның құрбаны болып жатқандар елімізде көбеймесе, азаймай тұр дейді. Оның айтуынша, суицид жасағандардың әрбір бесіншісі -  осы ойынға тәуелді адамдар.

“Бас прокуратура келтірген мәліметке сәйкес, 2022 жылы елімізде қылмыстық құқық бұзушылықтың 21 пайызы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойынмен байланысты болған. Бұдан басқа, 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3 676 суицид фактісі жасалса, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға құмар адам жасаған”, - деді депутат.

Қазақстандағы букмекерлік кеңселерді ойын аймақтарына көшіргенмен, одан қоғамға келген пайда шамалы. Өйткені олар өз жұмысын интернет арқылы оңай жалғастырып жатыр. Ұлттық статистика деректері бойынша, соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарына 1 триллион теңгеден астам қаражатты салып жіберген. Депутат қоғамның дертіне айналған мәселемен күресуге үндеді.

“Онлайн-казиноға келетін болсақ, онымен күресудің негізгі әдісі – әлеуметтік желілерді, интернет-ресурстарды бақылау, заңсыз материалдары бар сайттарға кіруді бұғаттау. Алайда, бұл да іс жүзінде ештеңені шешпейді, өйткені онлайн-казино жаңа домен бойынша ашылуы мүмкін және бұғаттауды VPN жүйесінің көмегімен айналып өтуге болады”, - деді Руслан Берденов.

Руслан Берденов өзекті мәселені шешудің нақты бірнеше жолын ұсынып отыр. 

1) заңнамалық деңгейде барлық ақпараттық алаңдарда (ТВ, радио, сыртқы жарнама, билбордтар және т.б.) осындай ұйымдарды жарнамалауға толық тыйым салуды белгілеу;

2) интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойынша ең озық жүйелердің бірі ретінде Қытай Халық Республикасының тәжірибесін зерделеу;

3) Банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қабылдауға тыйым салу.

Ұсынылатын