- Басты жаңалықтар
- Қоғам
- "Қазақстанның басты мәселесі – есірткі". Журналист Михаил Козачковтың қамауда жатқанда түйген жазбасы жарияланды
"Қазақстанның басты мәселесі – есірткі". Журналист Михаил Козачковтың қамауда жатқанда түйген жазбасы жарияланды
Қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен қамауға алынып, кейін үй жағдайында ұстау бойынша босатылған журналист Михаил Козачков 4 айдан кейін әлеуметтік парақшасында жазба жариялады. Онда қапаста отырған кездегі ойын тізбектеген, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Журналист жазбасы Тelegram-арнасында жарияланды. Осыдан 4 ай бұрын тоқтаған әлеужелідегі ақпарат ағынын, елдегі ең өзекті мәселеден бастауды жөн көрген. Яғни, Козачков қапаста жатқанда Қазақстандағы ең басты мәселе сыбайлас жемқорлық немесе экономикалық дағдарыс емес, есірткі екеніне тоқталыпты.
"Тура 4 айға мен қоғамнан жырақтадым. Әсіресе қапаста өткен 2 ай мерзімді ұмыта алмайтын шығармын. Мені рейдерлік әрекеттерге қатысы бар қылмыстық топ құрамынан деп айыптады. Бірақ түбінде таза екенім белгілі болды. Әрине, өткен шақ кетті, ол маңызды емес. Бастысы менің қапаста отырғанда түйген ойым. 2 ай уақытта қаншама адаммен тілдестім, әңгімелестім. Сол уақытта біздің еліміз үшін сыбайлас жемқорлық, экономикалық дағдарыс немесе ескірген ЖЭО өзекті мәселеден емес, Қазақстан үшін басты мәселе – есірткі екенін түсіндім.Себебі қапастағы әр 8 адамның 4-і осы іс бойынша қамауға алынғандар. Әрине, әңгімелерін тыңдасаң ешқайсысы қасақана бұл әрекетке бармаған. Бірінің әкесі жоқ, анасы соқыр, енді өзгесі тұл жетім, жөнді білім алмаған. Әрине, ойлап қарасаң оларды 10-14 жыл бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Ең өкініштісі осы", - дейді журналист.
Сонымен қатар Козачков қапаста жатқан уақытта Қайрат Құдайберген, Мейірхан Шерниязов, Руслан Бұрқанов, Мұратхан Тоқмәди сынды азаматтарды да көріп, кішкене әңгімелескеніне де тоқталған. Әрі бірігіп қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтынын да жазыпты. Ақыр соңында жазбасын ескі сүрлеуіне қайта оралатынымен қорытындылаған.
"Басыңа іс түскенде кімнің жақын екенін жақсы түсінеді екенсің. Мен қапаста жатқанда жиі жағдайымды сұрап, қажет заттармен қамтамасыз етуге тырысқан бірқатар азаматтың жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Әрине олардың батырлығына, менен жырақтап кетпегеніне қуанамын. Бірақ бұған дейін жұмыс істеген «Время» газетінен және бірнеше ортақ чаттардан шығуға тура келді. Ол үшін мен ешкімді кінәләмаймын. Енді мақсатым – журналистиканы жалғастыру, қайта қолға алу. Өйткені мен мәтін жазудан басқаға жоқ екенімді айдан анық білемін", - дейді Козачков.