Қазақтың атақты күйшісіне Түркия астанасынан ескерткіш ашылды
Анкарада қазақтың шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушы, композитор Тәттімбет Қазанғапұлының есімі ұлықталды. Түрік астанасында күйшіге ескерткіш қойылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қуанышты хабарды 24.kz таратты. Онда даңқты күйшіге ескерткіш орнатылғаны айтылған. Айта кетейік Анкарадағы Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы саябақ 2016 жылы күйшінің 200 жылдығына ашылған болатын.
Араға 7 жыл салып мәдени нысанның қақ ортасында күй өнерінің классигіне арналған ескерткіш бой көтерді. Туынды авторы Мұрат Мансұров. 2,5 тонна қола ескерткіш Қарағанды облысы әкімдігінің Анкараға тартуы болды.
“Бабаларымыз ұлықтау, тарихымызды сақтау тек достықтың белгісі деп білемін. Тек осындай іс- шараларымыз көп болсын. Біздің Тәттімбет Қазанғапұлы бабамыз, түрік елінің төрінде орын алғаны үлкен қуаныш, бақыт сыйлайды”, - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов.
Түркия Республикасының 100 жылдығына орайластырылған шараға Тәттімбет Қазанғапұлының ұрпағы арнайы келіпті. Айтуынша, Анадолыда бабасына ескерткіштің бой көтеруі күллі қазақ үшін зор мәртебе.
“Түркия астанасында Тәттімбет бабамызға ескерткіш ашылуының куәсі болды. Ескерткіштің ашылуы тек Тәттімбет ұрпақтары, қарағанды облысы емес, жалпы қазақ еліне деген үлкен құрмет”, - Тәттімбет Қазанғапұлының ұрпағы Сләмиден Нұркенов.