Қазақтың сұңғыла шөбін емдік шайға айналдырған отбасы
Кәсіпкер Ардақ Жексенбайқызы әпкесі Айнұр Тұрсынбаева мен бауыры Дархан Бекпановпен бірігіп, табиғи, таза органикалық өнімдер шығаратын SAAD компаниясын құрды. Олар Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында өсетін сұңғыла шөбінен емдік шай шығарып отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
«Мойынқұмның тумасымын. Әлі есімде, кішкене кезімізде бүкіл ауыл болып, тамыр жинауға шығатын. Сол жиналған тамырдың арқасына бүкіл ауыл тұрмысын түзейтін. Оның ішінде менің әкем де бар. Тіпті, бізді де сол тамыр жинап жүріп тапқан нәпақасымен оқытқан еді. Енді араға қаншама жыл салып, сол ауылдағы тамыр біткенді шетелдіктер емес, енді біздің жігіттер тереді. Себебі біз тамырын жинап жүрген сұңғыла өсімдігінен жасалған шәйді енді өзіміз өндіреміз. Бұл бизнесті бастауға көптеген кәсіпкердің батылы жетпеді», - дейді Ардақ Тәукебаева.
Кейіпкеріміз «Қарапайым әйелден миллионер шығарамын» деген сөзінде тұрып, көптеген қыз-келіншектердің қомақты табыс табуына көмектеседі. Желілік бизнесте жүріп, өзі сататын өнімдердің құрамын, пайдасын зерттеп жүргенінде үш жыл бұрын жерлес ағайының бірі келіп ұсыныс айтады. «Өзімізде өсетін сұңғыла деген өсімдіктің тамыры бар. Оны үнемі шетелдіктер теріп әкетеді, сол шөпті неге сыртқа бергенше өзіміз өндірмейсіңдер?» деген ұсынысын айтады. Осылай Ардақ Жексенбайқызы әпкесі Айнұр Тұрсынбаева мен бауыры Дархан Бекпановпен бірігіп, табиғи, таза органикалық өнімдер шығаратын SAAD компаниясын құрған.
«Бұрын есімде ауылда тамыр жинауға шығатынбыз. Сол тамыр ауылдағы қаншама отбасын асырап отырды. Оның ішінде әкеміз де бар. Тамырдың арқасында оқуға да түскенбіз. Кейін жерлес ағайымыз келіп, «Ардақ, осы Мойынқұм деген жерде тамыр өседі, сұңғыла деген. Мысалы, женьшень шөбін - өмір эликсирі деп атап жүр ғой, ал ана сұңғыла сол шөбіңнен бес есе мықты қасиетке ие. Бір жыл үзбей ішкен адамның бойында ешқандай дерт қалмайды. Сол алтынға тұрарлық шөптің қызығын Жапония, Қытай елдері көріп жатыр. Бізден келіп, жинап кетеді, біз тамырды жинап бергенімізге мәзбіз, содан табатын тиын-тебенді қанағат қылып отырмыз. Қолға алсаңдаршы» - дейді. Жалпы, бұл сұңғыла жылына бір рет қана гүлдеп, шіріп кетеді екен. Сол мезгілде қытайлықтар мен жапондықтар келіп, түк қалдырмай теріп кетеді екен», - дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, жерлес ағасының ұсынысын естіген бойда әпкесі Айнұр, бауыры Дархан үшеуі зерттей бастаған. Орысшасы “цистанхе” деп аталатын сұңғыла өсімдік тамырының емдік қасиеті орасан. Мұны Ардақ жақсы түсінді. Зауыт ашылғанда ұсыныс жасаған Қайрат ағасы көзіне жас алыпты. Емдік шөптің дәрісін алып, қаншама шенеуніктің есігін қағып, бизнесмен, депутаттарға барудан шаршамаған. Осылай 17 жыл жүрген.
«Бұл - теңдессіз шөп» - деген ағамыздың өзі де көп балалы әке. Жетінші баласы алпыс жасында дүниеге келген екен. Сондықтан да осы шөптен шәй шығарамыз дегенде ерекше қуанған азаматтардың бірі осы кісі болды.Содан біз тамыр жинау науқанын ұйымдастырып жүрген адамдарды тауып, келісімшарт жасадық. Технологтардың қызметіне жүгініп, арнайы мамандармен кеңестік. Зерттеп, қолға алар кәсіпті бақылап алудан өзге емдік қасиетін пайдаланатын болғандықтан түрлі сараптамалар жасаттық. Ол сараптамалардың дайын болуына да ұзақ уақыт кетті. Біз сол аралықта зауыттың құрылысымен жүрдік. Бауырым дархан шетелден бұл кәсіпке қажет құрылғыларды арнайы тапсырыспен алғызды» - деді Ардақ Тәукебаева.
Сұңғыланың емдік қасиеттері жетерлік. Құрамында көмірсулар, янтарь қышқылы, иридоид, стероид, фенол, лигнандар бар. Оның тамырын дәрілік қасиетіне байланысты Қытай, жалпы Азия елдері медицинада жиі қолданады. Цистанхе бүйрек аурулары (нефрит, пиелонефрит, цистит), жыныс жолдары аурулары, бедеулік, несеп түтігі, несеп жолдарының ауруларын емдеуде жақсы әсер етеді. Қан айналымын реттейді, терінің ісінуін, ауруды басады. Мәселен, Қытайдың дәтүрлі медицинасында оны бедеулік, арқа және тізе сынуы, Ян бүйректерінің жетіспеуінен сіңір және сүйектің әлсіреуі, қанның азаюы, іштің қатуы секілді ауруларға қарсы пайдаланады екен.
«Сұңғыланың пайдасы - ең күшті антиоксидант, вирусқа қарсы немесе ағзаға вирус еніп үлгерсе, сұңғыла - солардың бәрін жойып жіберетін қасиетке ие. Ер азаматтардың күш қуатына мықты көмектеседі екен. Қазір мәселен, жастар энергетик көп ішеді ғой, сол энергетикалық сусындардың орнын басатын шәй десек те болады. Мықты сергектік беретін қасиеті бар. Біздің сұңғыла шәйімізге деген сұраныс жоғары. Бір ауруы үшін алып кетіп, басқа да ауруынан айыққандар міндетті түрде кеңсемізге қайта келеді. Әйтпесе, жар салып, жарнамасын жасап та жатқанымыз жоқ. Компанияның ашылғанына екі ай ғана болды. Instagram-да йқайлатып жатқан жоқпыз. Келген адам қайтып келіп алады, бүйрегімде тас бар еді, соның еміне алған едім, қан қысымымды реттей бастады, жеңіл сезіне бастадым» деп алғысын білдіріп жатқандар көп. Өзіміздің елде өсетін шөптер, байлығымыздың басым бөлігі – шетелге кетеді, ашығын айтайық, олар өндіреді де, сыртын әдемілеп, өзімізде бар дүниені – өзімізге екі есе бағада сатып жатыр. Ал, біз халыққа қол жетімді бағада шығарамыз деген мақсат қойған едік өзімізге, сол мақсаттың үдесінен шығу үшін жұмыс істеп жатырмыз», -дейді кәсіпкер.
Ардақтың сөзінен бизнестен пайда табудан бұрын өзімізде шығатын дүниеге өз кәсіпкерлеріміз қолдау білдірсе, әрқайысымыз еліміз үшін жұмыс істесек, сыртқа жем болмай, өз елімізді өркендетер едік деген жанашырлығын байқадық.
Ендеше, қазақ даласында өсетін өсімдікті өзгелерге жинап бермей, арнайы мамандарды оқытып, дайындап, қаншама жұмысшыны жұмыспен қамтамасыз ете отырып, өз өнімімізді шығарып отырған кәсіп иелеріне сәттілік тілейміз.