Қонаевта бірнеше үйді үптеп кеткен әккі ұрылар қолға түсті
Алматы облысында және облыс орталығы Қонаевта бірнеше үйді тонап кеткен күдіктілер қолға түсті. Үш адамнан тұратын қылмыстық топ қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
1992, 1997 және 1996 жылғы күдіктілердің ұсталғанын Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялады. Онда тәртіп сақшыларының халықты қан қақсатып кеткен ұрылардың қалай ұстағанын көруге болады.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер бірнеше үйді үптеп кеткен. Келтірілген шығын көлемі 4 миллион теңгеден асады.
Ұсталған үш ер адам Қонаев қаласының аумағында төрт ұрлық дерегін жасағанын және көршілес өңірдегі үш эпизодқа қатыстары бар екенін мойындаған.
Олардың үстінен ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 3- тармағы(ұрлық) бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау абақтысында отыр.
Айта кетейік, Бауыржан Әленов Алматы облысының Полиция департаменті бастығы болып 2022 жылдың 2 тамызында тағайындалған болатын.