Қорқыту ма, қорғану ма? Ақтөбе облысының экс-әкімі аштық жариялады
Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі, ақпан айынан бері тергеу изоляторына қамалған Ермек Имантаев аштық жариялаған. Тіпті 1 аптадан бері нәр татпаған экс-шенеуніктің жағдайы нашар көрінеді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Азаттық жазды. Ондағы дерекке сүйенсек, бұрынғы әкім Ермек Имантаев өздігінен қозғала алмайтындай жағдайға жеткен. Оны әйелі айтып отыр.
"4 қазан күнгі кездесуге күйеуімді түрме қызметкерлері зембілмен алып шықты" дейді сотталушының әйелі Лейла Имантаева.
Ермек Имантаев өзіне тағылған айыппен және тергеу барысымен келіспей Ақтөбенің тергеу изоляторында бір аптадан бері аштық жариялаған.
Тергеу Имантаевты "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі 23,9 гектар жерді заңсыз сатып жіберді" деп айыптайды. Мемлекетке келтірілген шығын 199 млн 400 мың теңге деп бағаланған.
Сотталушы Ермек Имантаев "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын 2019 жылғы қараша мен 2021 жылғы наурыз аралығында басқарған. Оған дейін әр жылдары президент аппаратында мемлекеттік инспектор болған, республикалық есеп комитетінде істеген. Ермек Имантаев 2002-2004 жылдар аралығында Ақтөбе облысының әкімі болды. Ол Ақтөбедегі тергеу изоляторына биыл 10 ақпанда қамалған.