- Басты жаңалықтар
- Саясат
- “Қызметіңе рахмет”. Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Amanat партиясының ұсынысынан бас тартты
“Қызметіңе рахмет”. Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Amanat партиясының ұсынысынан бас тартты
Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай партияның жастар қанатынан қоғамдық кеңеске мүшелікке шақырған ұсынысқа үн қатты. Тіпті мұндай ойға бағыт берген бұрынғы курстасы, қазіргі депутат Нартай Аралбайұлын да сынға алған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Журналист өз ойын Facebook-те жазды. Онда Нұрсейіт Жылқышыбай Amanat партиясы жанынан жастарды қолдау қоғамдық кеңесіне мүшелікке шақырған жазбаны жариялаған. Бірақ бұл ұсынысты ол сынға алып отыр. Сөзінше партияға бір идеяға топтасқан, мемлекет мүддесін бірінші орынға қойған жандар жиналуы тиіс.
"Кеңес құрамына менің кандидатурамды Нартай Аралбайұлы деген су жаңа депутат ұсыныпты. Біріншіден, шақыртуға рақмет. Нартай телефонымды біледі. Өзі звондасада болар еді. Баяғыда бұл замандаспен бірге оқыдық. Ол 101 топта, мен 102 топта. Әуезов пен Бұқар жырау қиылысындағы "Бақыт" дүкенінің қасында Нартай дискі сататын. Бір ішек студенттер не істемейді. Сол кездегі Нартай қайда екен? Студенттік кезде бірге аралас-құралас болсақ та мені танымапты. Партияға бір идеяға топтасқан, мемлекет мүдесін бірінші орынға қойған жандар жиналады. Бұл беті жылтыраған журналистер мен блогерлердің, әнші, тамадалардың ұйымы емес. Менен гөрі білімі мол, заңға жүйрік қазақтың небір жігіттері бар. Мысалы Шалқар Нұрсейіт дейтін саясаттанушы. Сондай азаматтар тұрғанда саясат, экономика, сыртқы қатынас т.б тақырыпта сөз айтуға ұяласың. Парламент популярный мен популист біреулердің қорасына айналып барады. Мен журналистпін. Маған Қошановтан бастап сұхбат беріңдер. Не істеп жатсыңдар? Халықтың алдында айтыңдар. Сендер жеңімпаз партиясыңдар ғой. Неден қорқасыңдар? Мен осылай өз жұмысымды істейін", - дейді ол жазбасында.
Сондай-ақ, ол таусылмайтын талқы, құрыла беретін қоғамдық кеңестерден гөрі, сайлау алды үгіт-насихат кезеңіндегі бағдарламаларды іске асыратын, нақты жұмыс істейтін кезең екенін де еске салған.
"Бұл Қазақстан Назарбаевтың кезінен бастап кеңес құрып жатыр-құрып жатыр. Баяғыда парламентте Нұр Отан ғана қалғанда да қоғамдық кеңес құрылған. Не өзгерді? Қашаңғы кеңесе бересіңдер? Қазір кеңесіп отыратын уақыт жоқ. Нақты іс істеу керек! Қалғаны далбаса. Мені шақырған Кеңестің мақсаты партияның сайлау алды бағдарламасын іске асыру жағы да қарастырылады екен. Нартай-ау, берген уәделеріңді енді өздерің орындасаңдаршы. Бұған менің қандай қатысым бар? Менің ұғымымда өзін сыйлайтын адам Назарбаев құрып отыз жыл елді тонаған партияның маңайына жоламайды. Нартай, бір нәрсе есіңде болсын. Бақытсыз халықтың лашықтары жамалмаса Астанадағы шенділердің жарқыраған сарайлары түбі қирап қалады", - деп қорытындылайды журналист сөзін.