Friday, 22 November,2024

Қостандайда балабақшадағы бүлдіршіннің бұғанасын сындырған тәрбиешіге сот шешімі шықты

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Қостанайдағы балабақшада баланың бұғанасын сындырған тәрбиешіге жаза кесілді. Ол бір жылға бас бостандығынан шектеліп отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Қостанайдағы №2 сотында 25 жастағы тәрибешіге сот шешім шығарды. Бүлдіршіннің бұғанасын сындырған қызметкер бір жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар бір жыл бойы кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу бойынша педагогикалық лауазымдарды атқара алмайды.

Еске салайық, балабақша тәрбиешісі былтыр 28 маусымда бүлдіршіннің денсаулығына зақым келтірді. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Яғни бейнежазбадан қызметкердің теріс қарап орындықта отырған бүлдіршінге ескерту жасағанын байқайсыз. Бірақ бала тыңдамаған. Тәрбиеші орындықты бірден өзіне қарай бұрғанда бала құлап түсіп, бұғанасын сындырды.

Сотта тәрбиеші кінәсін мойындап, өз ісіне өкінетінін айтқан.

"Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот Қылмыстық кодекстің 44-бабының 2-бөлігінде көзделген міндеттерді жүктей отырып, жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылауды белгіледі. 1 жыл мерзімге педагогикалық лауазымдар мен кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады", - деп түсіндірді Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ұсынылатын