Monday, 25 November,2024

“Қот*қтелеком” деп әзіл түсірген блогерді “Қазақтелеком” сотқа берді

Uaqyt.info
Фото Видеодан кадр

“Қазақтелеком” АҚ өздері туралы әзілге толы видео түсірген блогер Мұрат Нукинді сотқа берді. Танымал тиктокер өзінің әзілінде министр Бағдат Мусиннің ел арасында кеңінен тараған сөзін күлкіге айналдырып, “Қот*қтелеком” деп айтқан болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Мұрат Нукин мәлімдеді. Онда блогер өзінің атына “Қазақтелеком” тарапынан сотқа арыз жолданғанына тоқталған. Оның айтуынша, ол өз видеосында белгілі компанияның атын атамапты. Ал  “Қот*қтелеком” дегені жәй ғана ойдан шығарылған сөз екен.

“Мен өз әзілімде “Қазақтелеком” деп бірде-бір ауыз сөз айтқан жоқпын. Олар менің “Қот*қтелеком” дегенімді өздеріне қарата айтылған сөз деп есептеп отыр. Мен ондай шағыммен келіспеймін”, - деді блогер.

Айта кетейік, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің “Елорда интернет жылдамдығы жағынан Токиодан озды” деген сөзі қоғамда қызу талқыланған болатын. Әлеуметтік желілерде осыған қатысты түрлі мемдер пайда болды. Блогер Мұрат Нукиннің де видеосы ең көп қаралған бейнежазбалардың қатарында. Онда ол “Қот*қтелеком” компаниясына қоңырау шалып, интернеттің нашарлығына реніш білдіреді.

Алайда “Қазақтелеком” компаниясының өкілдері блогерді сотқа бермегендерін айтып отыр. Олар тек тиктокерден атышулы видеоны өшіруді ғана талап еткендерін алға тартады. Әзірге даулы мәселеге қандай нүкте қойылатыны белгісіз.

 

 

Ұсынылатын