Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жер астына кетіп қалуы мүмкін - Толықбай
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жер астына кетіп қалу қаупі бар екенін айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл мәселені депутат мәжілістің жалпы отырысында көтерді. Ол премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке Қожа Ахмет Яссауидің кесенесінің мүшкіл жағдайын баяндап, сауал жолдады.
“Ғалымдардың айтуынша, кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сондай-ақ күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан”, - деді Мақсат Толықбай.
Депутаттың айтуынша, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген кесененің қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты үгітіліп жатыр. Әбден тозған нысанның сылағы түсе бергендіктен, Тайқазанның аумағы қызыл лентамен қоршалған. Мәжілісмен осы мәселені қолға алуды сұрап, тарихи кесенеге күрделі жөндеу керектігін жеткізді.
“Кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуыңызды сұраймын. Ол үшін Үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын «AMANAT» фракциясының алдында баяндап, есеп берулеріңізді сұраймыз”, - деді депутат.