Қуандық Бишімбаев өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін – адвокат
31 жастағы Салтанат Нүкенованы өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы марқұмның адвокаты Жанна Уразбахова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура өкілдері өз брифингінде журналистерге ақпарат берді, біз бұл туралы түсініктеме бермедік. Сондай-ақ, алғашқы күннен-ақ кейбір блогерлер мен журналистер тарапынан көптеген қауесеттер, болжамдар мен нұсқалар орын алғанына қатысты пікір білдірмедік. Салтанат үшін мұндай «лас істердің» ешқайсысына мән бермейміз. Маңыздысы - екі ортада ешқандай татуласу болмаған және болмайды да. Бұл - Салтанаттың отбасының ұстанымы. Осы іске қатысты ұстанымдарыңыз үшін көпшілікке және журналистерге алғысымды білдіремін. Қуандық Бишімбаевтың ісі енді Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағымен ("Аса қатігездікпен адам өлтіру") тергеліп жатыр. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе мүлкін тәркілеп (тәркілеусіз) өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тергеу ісі соңына жеткенде барлығы белгілі болады”, - деді адвокат.