Saturday, 18 May,2024

Құлыбаевтардың байлығы артқан: Әлемдегі ең бай адамдар тізімінде Қазақстаннан 6 адам бар

Алмас Абылай
Фото ашық ғаламтордан

Әлемдегі ең бай адамдар тізімін түзетін Forbes басылымы кезекті рейтингті жариялады. Бұл жолы миллиардерлер қатарында 6 қазақстандық бар, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Тізімдегі байлық есебін өткен жылмен салыстырсақ, Құлыбаевтар қаржысы көбейіп, Ким мен Өтемұратовтың табысы төмендеген.

Қазақстан бойынша алғашқы орында KAZ Minerals иесі Владимир Ким. Жалпы рейтингте 591-ші орында. Былтыр 5 миллиард долларға бағаланған байлығы биыл 4,3 миллиардты құраған.

Мұнан кейін 636 орынға жайғасқан ерлі-зайыпты Құлыбаевтар тұр. Экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мен күйеу баласының байлығы 4,3 миллиардқа жеткен. Өткен жылы әрқайсысының табысы 3,8 миллиард доллар еді. Осылайша бір жылда екеуі де табысын 500 миллион долларға арттырыпты.

Kaspi Bank иегерлерінің бірі Вячеслав Кимнің де байлығы жыл ішінде біршама артқан. Өткен жылы 2 миллиард доллармен 1513-ші орында тұрған Ким биыл 3,6 миллиард доллар қаржысымен 787-ге көтеріліп отыр.

Мұнан кейін Freedom Holding брокерлік компаниясының басшысы Тимур Турлов 3,1 миллиард доллармен тізімге енген. Былтыр 1292-орында тұрған кәсіпкер биыл 949-орынға көтеріліпті.

Ал 65 жастағы Болат Өтемұратовтың табысы100 миллион долларға азайыпты. Былтыр 2,8 миллиард доллармен 1096 орында тұрған ол, осы тізімде 2,7 миллиард долларымен 1104-ке түсіп қалған.

Ал жалпы әлем бойынша ең бай адам биыл LVMH компаниясының басшысы Бернар Арно атанды. Оның байлығы – 211 миллиард доллар. Tesla иесі Илон Маск 180 миллиард доллар қаржысымен екінші орынға тұрақтаса, үшінші орында 114 миллиард долларымен Amazon жетекшісі Джефф Безос тұр.

Ұсынылатын