Saturday, 23 November,2024

Қырғызстандағы жаппай тәртіпсіздік кезінде 100-ден астам адам зардап шекті

Uaqyt.info
Фото Видеодан кадр

Қырғызстанда өткен көк-бөрүден Президент кубогының финалы жаппай тәртіпсіздікпен аяқталды. Жанжал "Достук" пен "Ынтымақ" командалары арасындағы ойыннан кейін шыққан, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Ош облысындағы "Толойкон" ипподромында болған жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, тәртіпсіздік "Достук" пен "Ынтымақ" командалары арасындағы ойын біткеннен кейін басталған. Жанкүйерлерге төрешінің жеңісті "Ынтымақ" командасына бергені ұнамаған секілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, ашуға мінген олар төрешіні соққыға жығып, кейіннен полицейлермен қақтығысқан. Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, тәртіпсіздіктер салдарынан 100-ден аса адам зардап шеккен. Ауруханада екі адам жатыр.

Желіде тараған видеодан жаппай тәртіпсіздікті трибунадан мемлекет басшысы Садыр Жапаров, Бас прокурор Құрманқұл Зұлушев және Жоғарғы сот төрағасы Замирбек Базарбековтің көргенін байқауға болады. Қазір бұл дерек бойынша  МҰҚК басшысы Қамшыбек Ташиев тергеу амалдарының басталғанын жеткізді.

 

 

 

Ұсынылатын