Қызылордада екі ер адам аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталды
Қызылордада патрульдік полиция қызметкерлері 25 келіден аса есірткі затын тасымалдаған екі азаматты ұстады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Polisia.kz жазуынша, "Қарасора" іс-шарасы барысында Қызылорда облысы Арал ауданы тұсында Самара - Шымкент тас жолында жол ережесін бұзған Toyota автокөлігі тоқтатылды.
Тексеру барысында көліктен сөмкеге салынған жасыл түсті зат анықталып, айғақ зат ретінде алынды. Сараптама қорытындысымен алынған зат 25,2 кг астам "кептірілген марихуана" екендігі нақтыланды.
Автокөлікті тізгіндеген 43 жастағы жүргізуші мен 43 жастағы жолаушысы Атырау облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілер УҰИ қамалды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.