Saturday, 5 October,2024

Рейдерлік шабуылға ұшыраған құрылыс компаниясы Тоқаевтан араша сұрайды

Uaqyt.info
Фото

Тұрғын үй кешенін салумен айналысатын "ЕР-ТАУ" ЖШС Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап отыр. Астаналық компания бүгін Алматыға арнайы келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Компания өкілдерінің айтуынша, осыдан бірнеше жыл алдын басталған тұрғын үй кешенінің құрылысы жалған мердігердің кесірінен тоқтап, компания шығынға батқан, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Елімізде рейдерлікке жол берілмеуі керек – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев: Біздің елде рейдерлік пен "крышалар" атымен болмауы керек

Бұл сөзді Президент Тоқаев осыдан бір жыл бұрын кәсіпкерлермен кездескенде айтқан еді. Бірақ мемлекет басшысының тапсырмасы әзірге тек сөз жүзінде ме деген ойға қаласың. Өйткені рейдерлік шабуылға тап болдым дегендердің саны әзірге азаяр емес.

Сондай компанияның бірі бүгін Алматыда бас қосып, тілшілерге баспасөз мәслихатын өткізді. Айтуларынша, көппәтерлі тұрғын үй кешенін салып жатқан "ЕР-ТАУ" ЖШС-не “көз тіккендер” қитұрқы жолмен компанияның жұмысын тоқтатып тастаған.

“2019 жылы құрылыс жұмыстарын бастап, 2021 жылы тұрғын үй кешенінің қаңқасын тұрғызып қойдық. Сол кезде "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС өкілдері келіп, бізге инвестор болуға ұсыныс жасады. Содан біз ол компанияның қарым-қабылетін байқау мақсатында бір айға алдын ала келісімшарт жасастық. Ол жерде ешқандай құрылыс жүргізуге немесе басқа да жұмыстар жасауға рұқсат беретіндей ешнәрсе жоқ. Келісімшарт тек олардың техникалық базасын тексеруге ғана жарамды еді” - дейді "ЕР-ТАУ" ЖШС директоры Мұрат Тасов.

Мұрат Тасовтың айтуынша, даудың басы дәл осы "Нұрлы Жол-К-2008" мердігер компаниясымен жасалған келісімшарттан кейін басталған. Сөйтсе, ондағылар алаяқтық жолмен әлі құрылысы бітпеген кешендегі пәтерлердің әр шаршы метрін 130 мың теңгеге бағалап, үлескерлерге сатып жіберген екен. Оны "ЕР-ТАУ" ЖШС директоры Мұрат Тасов кездейсоқ білдім дейді.

“2021 жылдың ақпан айында Krisha.kz сайтынан біздің салып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтерлердің сатылып жатқанын байқадық. Сатып жатқан  "Нұрлы Жол-К-2008" компаниясы болып шықты. Олар заңсыздыққа жол беріп, қолдан жалған құжат жасатып арзанға пәтерлерді саудалаған”, - дейді Мұрат Тасов.

Айта кетейік, "ЕР-ТАУ" ЖШС көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу үшін Астана қаласынан 2014 жылы 6 жер учаскесін сатып алады. Ал құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталыпты. Компания өкілдерінің айтуынша, құрылыстың бүгінде 35% аяқталған. Кеткен шығын көлемі төрт миллиард теңге. Енді олар кеткен шығынды өндірмек тұрмақ, үлескерлердің алдында қарызға баттық деп отыр. Өйткені "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС осы уақыт аралығында 89 пәтерді үлескерлерге үлестіріп жіберген.

“Заңсыздық болып жатқанын көзге шұқығандай етіп көрсетіп, "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС үстінен полицияға бірнеше мәрте арыздандық. Ол әрекетімізден түк шықпаған соң аудандық, қалалық прокуратураға арыз жаздық. Алайда бір жыл бойы сабылғанымызбен одан да түк өндіре алмадық. Тергеу органдары материалдық шығын келмеді деген желеумен істі қайта-қайта қысқартып отырды. Мен ең бірінші арыз түсірген кезде 10-ға жетер-жетпес үлескер болған. Осы күнге дейін қанша үлескер бар және олардың қанша ақша салғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Өйткені құзырлы орган тергеу амалдарын дұрыс жүргізген жоқ”, - дейді компания басшылығы.

Қазіргі уақытта "Нұрлы Жол-К - 2008" ЖШС директоры әрі құрылтайшысы қамауда отыр екен. Бірақ қылмыстық іс соңына дейін жан-жақты тергеліп, зерттелмеген дейді компания адвокаттары. Керісінше олар үлескерлердің алдында борышкер боп қалғандарын, одан бөлек құрылыс нысанынан толық қағылғандарын айтады.

“2023 жылдың тамыз айында Астана қаласы Сарыарқа ауданының прокуроры Дайыров мырзаның атынан талап арыз түседі. Яғни, салынып бітпей жатқан құрылысымызды "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС заңсыз сатқан үлескерлерінің мүддесіне өндіріп беру туралы. Бір сөзбен айтқанда, "Нұрлы Жол-К-2008" келтірген шығынды біздің мойнымызға іліп отыр. Ал сот прокуратураның талап-арызын қанағаттандырды, бірақ біз ұсынған дәлел-дәйектерге назар аударған жоқ. Апелляциялық сотқа шағымданғанымызбен, шешім сол күйі өзгеріссіз қалды”, - дейді адвокаттар.

Заңсыздықтың құрбаны болдық деген компания бұл істің артында мемлекеттік органдар тарапынан рейдерлік шабуыл тұр деп есептейді. Өйткені олар заңсыздықты көре тұра көз жұма қарап отырғандардың әрекетінде шикілік бар екеніне сенімді.

“Біздің талап етіп отырғанымыз, өз мүлкімізді өзімізге қайтарып берсін. 2021 жылы экономикалық соттың шығарған шешімін прокуратура қарамай отыр. Онда "Нұрлы Жол-К-2008" әрекетінде алаяқтық бар деп көрсетілген. Мемлекеттік органдар, соттар, құзырлы органдардың ешқайсы әділдікті көзге іліп отырған жоқ. Құрылысқа 4 млрд теңгеге жуық ақша жұмсалды. Өзіміз бастаған құрылыс алаңына қазіргі уақытта өзіміз кіре алмай отырмыз. Оның өтеуін кімнен сұраймыз? Екі ортада дымсыз далада қалайын деп тұрмыз. Әділдікті кімнен сұраймыз, кімнен талап етеміз?”, - дейді компания өкілдері.  

Әділдік іздеген "ЕР-ТАУ" ЖШС даулы мәселеге назар аударуды сұрап, Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа және Президент Тоқаевқа хат жолдаған. Әзірге ол әрекеттерінен қандай нәтиже шығатыны белгісіз...

Ұсынылатын