Ресей мұрағатындағы байлық: Сәкен Сейфуллин түскен тың бейнежазба табылды
Ресейдегі мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мұрағатынан Сәкен Сейфуллин түскен бейнежазба табылды. Ешкім көрмеген тың жазбаны елімізге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері алып келген, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Институт ғылыми қызметкері Ермұхамет Маралбектің сөзіне сүйенсек, ақын-жазушы, мемлекет қайраткері бейнеленген бұл кадрлар 1935 жылы Қазақ автономиясының құрылғанына 15 жыл толуына орай түсірілген.
"Институттың Ахметтану бөлімінің зерттеу бағыты бойынша жүргізіліп жатқан "Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы: теориясы мен тәжірибесі" грант жобасы аясында Мәскеудегі мемлекеттік архивке үш ғалым барған болатынбыз. Ресей мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мұрағатында болдық. Сол архивтің құжаттар каталогымен толық танысып, өзімізге қажеттілерін қарағанда Сәкен Сейфуллин бейнежазбасы кездейсоқ қолымызға түсті", - дейді ол QAZAQSTAN арнасына берген сұхбатында.
Сәкен Сейфуллинмен бірге, Ораз Жандосов, Әліби Жангелдин, Ораз Исаев сынды тұлғалардың видеосын елге алып келген жас ғалымдардың қоржынында көптеген олжа бар.
Оның бәрін институт алдағы уақытта жарияламақ.