Sunday, 8 September,2024

Ресей Орталық Азия аймағынан қашан және қалай кетеді?

Құрмантай Жантелі
Фото

Әлем жаһандық масштабта өзгере бастады. Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Таяу Шығыстағы қақтығыстар, Европа елдерінде билікке, біртіндеп,  әсіре оңшыл күштердің келе бастауы, Тынық мұхиты, Шығыс Азия аймағындағы жағдайдың шиеленісе түсуі, Африкадағы ықпалды күштердің алмасуы  – мұның бәрі де әлем тіршілігінің жаңа форматқа ауысуға қадам басқанын білдірсе керек. Орталық Азия аймағы, оның ішінде Қазақстан да,  бұл жаһандық қайта құру процесінен шет қалмасы анық.

Болашаққа қалай, қандай мұра арқалап барамыз? Ұтамыз ба, әлде ұтыламыз ба? Әрине, бұл сауалдарға дөп басып, анық болжай отырып, жауап беру де мүмкін емес. Өйткені, әлемді болашақта қандай тағдыр күтіп тұрғанын ешкім жете білмейді де. Оның үстіне, әлем саясатында да, жаһандық экономикада да бүгінгі Қазақстанның ролі тіптен елеусіз. Біз ешкімге де, еш құбылысқа да ықпал ете алмаймыз, керісінше, сыртқы күштердің  ықпалында қала береміз. Кәзір де солай.  Дегенмен де, ол әлсіздікті, сәтін түсіріп, ықпалды күшке айналдыруға да әлеуетіміз бар. Осы тұста, кейінгі жылдары елдің сыртқы істер министрлігі саяси-әкімшілік тұрғыда күшейе түскенін айта кеткен жөн. Бекер емес деп ойлаймын. Президенттің қандай сала маманы екенін ескерсек, әлемде болып жатқан құбылыстардан хабары мол екенін де, жағдайды дұрыс пайымдайтынын да түсінеміз.

Қазақстан, болашақ экономикаға аса қажет, шикізатымен ғана емес, географиялық орналасқан орынымен де қызықты. Батыс елдері біздің аймақ үшін, мұнда  ертеректен орнығып қалған күштерге қарсы тұратынын ашық көрсетіп отыр. Әсіресе, Орталық Азияда  «өзі қожа,  өзі би» Ресейдің күні бітетін сияқты. Оны Ресей де түсінеді. Содан-ақ, Қазақстанға ентелеп  ене түсуде. Былтырдан бері орыстардың қазақ жеріндегі компанияларының саны үш есеге артқан. Әрине, олардың негізі санкциялардан қашқандар, капиталын сақтау үшін Қазақстан билігінің «жалпақ шешелігін», коррупцияны  ұтымды пайдаланғандар. Ресей Қазақстанның уранын бақылайды. Мұнай экспортының кілті де, әзірге, Мәскеудің қолында. Кремльдің «әмияны» ғана емес, стратегиялық «қаруы» саналатын, Европаның бай нарығынан айырылып қалған «Газпром» да  тұмсығын сұғып жатыр. Олар, тіпті, елдің солтүстігіне газ жеткізу ғана емес, сол өңірлерді газбен жабдықтайтын инфрақұрылымды да иемденуге дәмелі (онысы аса қауіпті). Путиннің жуырда жасаған сапарынан соң,  орыстар елімізде бірнеше жылу электр орталықтарын салатынын білдік (Қазақстанның өзі-ақ тындыратын шаруа еді). Кейбір сарапшылар Астана осылайша Мәскеудің көңілін аулап отыр дейді. Өйткені, АЭС салу басқа елдің компаниясына бұйыратын көрінеді. Мұндай пікірге түрткі болған Путиннен ертерек келіп кеткен Франция президенті Макронның сапары. Франция, тіпті бүкіл Европа елдері,  Қазақстан уранынан үмітті. Француздар электр энергиясының 80 пайызын атом стансаларында өндіреді және жан-жағына экспорттап отыр.

Биыл жазда Париж Африкадағы бірнеше елден кетуге мәжбүр болды. Қиын тигені, әсіресе, Нигердегі ықпалынан айырылып қалғаны. Парижге жақтас билікті төңкергендер Мәскеумен ымыралас бүлікші топ болатын. Нигер Францияны уранмен қамтамасыз етіп келген. Француздар есесін енді Қазақстанда алмақшы ма? Бәлкім.  Ал, Қазақстандағы уран кеніштерінің басым бөлігі «Росатомның» бақылауында. Яғни,  оңайға тие қоймас.

АҚШ президентінің, Германия канцлерінің Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларымен кездесулері, Макронның сапары, Байденнің  Орталық Азияға жасамақшы болашақ сапары, Европа компанияларының нақты жобаларымен біздің аймаққа келе бастауы, Қытаймен арадағы келісімдер,  әрине, Ресейге аса ұнай қоймас. Бірақ Батыс та, Қытай да олардан рұқсат сұрамайды ғой? Ресейді бұл аймақтан ығыстыратын ірі геосаяси жоба – Тұран бірлігі (Түркі елдері Лигасы). Мұндай саяси одақтың пайда болуы Ресейдің бірнеше ғасыр бойғы саясатына кереғар тиеді. Өйткені, Ресей сол түркі мемлекеттерінің орнында (Шыңғысхан империясының үйіндісінде) пайда болған империя. Біздің аймақты және кәзіргі Ресей аумағындағы түріктерді жанши отырып, тарихын, тілін бұрмалай отырып, арасына іріткі сала отырып, бүгінгі күйіне жеткен. Құрамында, Солтүстік Кавказ бен Еділ бойынан бастап, сонау Қиыр Шығысқа қарай созылып жатқан, Татарыстан, Башқұртыстан, Саха, Тыва сынды және басқа да шағын түркі автономиялары бар.

Яғни, Тұран одағы Ресейдің территориялық тұтастығына қауіп төндіреді.  Оның үстіне, РФ-сы байлығының негізі осы автономиялардың  қазба байлығынан құралады. Тағы бір ескеретін мәселе – Жо Байден мен Си Циньпиннің өткен аптадағы кездесуінен Қытайдың Ресейді бұдан әрі соншама қолдай қоймайтынын түсіндік.  Ресей ендігі жаһандық саясатта айтарлықтай роль атқармайтын болады.

Осы тұста ескере кететін елеулі мәселе – Қазақстан мен Қырғызстаннның, Тәжікістанның Ресей құрған бірнеше одаққа мүшелігі. Яғни, байланып тұрмыз. Алайда, бұл  одақтардың да тігісі сөгіле бастағанын байқауға болады. Армения осы аптада Минск қаласында өтетін  ҰҚКҰ (ОДКБ) елдері басшыларының кездесуіне барудан бас тартты. Пашинян кейінгі кездері бұл әскери ұйымға сыртын беріп жүр. Есесіне, Батыс елдерімен жақындаса түсті. Пашинянның басқа әріптестеріне қарағанда, билікке демократиялық жолмен келген саясаткер екенін де ұмытпауымыз керек. Қазақстан билігі Ресеймен екі арада достық қатынастың үзілмейтінін ылғи мәлімдеп келсе де, елдің ішінде басқа көзқарас қалыптасқан. Халықтың басым бөлігі Қазақстанның Евразиялық экономикалық және Кеден одақтарынан, ҰҚКҰ-нан шыққанын қалайды. Қазақстандықтардың осы мәселе төңірегндегі көңіл-күйін білу мақсатында,  тамыз-қыркүйек айларында, жүргізілген зерттеулердің қорытындысына сай, қазақ ұлтының  81% одақтардан шығуды қолдаса, орыс ұлтының 72,2% қала берсек дейді. Басқа ұлт өкілдері қазақ қауымы жағында. 

Қарсылардың 31,6% ауыл тұрғындары да, 6,5% пайызы ғана қалалықтар. Бұдан, интернет жетімсіз, ауыл аймақта Ресей пропагандасының ықпалы зор екенін байқаймыз. Қазақтар мен орыстардың Ресей әскери базаларына қатысты пікірі де екі ұдай. Қазақтардың 82,1% және оларға басқа ұлттардың  91,7% қосылып, әскери базалар жабылсын десе, орыс ұлтының 68,4% оған қарсы.

Яғни, елдегі орыс жұртшылығының басым бөлігі Ресейдің ықпалында қала берсек деп, Қазақстанның тәуелсіздігін жақтамай отыр. Бұл біздің халықтың әлі де саяси ұлт ретінде қалыптаса алмай жатқанын көрсетеді. Яғни, бір тілде сөйлейтін, тең құқылы азаматтық қоғам қуру қажеттігі пісіп жетілген сияқты. Ол –  мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі. 

Бұл одақтың  ел үшін тым тиімсіз екені туралы Мәжілісте де көтерілді. Осы тақырыпта кезек-кезек сөз алған алты депутатың ойынша, Ресейдің Қазақстанға қатысты жүргізіп отырған саясаты барынша әділетсіз. Евразиялық экономикалық одақ тек Мәскеудің мүддесін көздейді дейді. Үкіметтің келісімпаз да әлсіз позициясы сыналды. Бұл – «тұр-тұрдан келген хабар». Ол «қоңырауды» депутаттардың (бір топ болып) ұстағаны да бекер емес тәрізді. Ал, бұл одақтардан шығып кету үшін Қазақстанның сылтауы да жетерлік. Оның бірі – кезінде Евразиялық та, басқа да одақтарға қосылу үшін биліктің халықпен санаспағаны. Ешқандай да референдум өткізбестен, тиімсіз келісімдер жасағаны, соның кесірінен елдің орасан зор экономикалық шығындарға  тап болғаны. Яғни, ол «кетікті» түзетуге болады. Ресей өзінің  посткеңестік аймақтағы ықпалы жойылып бара жатқанын жақсы түсінеді. Сондықтан да, ақпараттық кеңістікте орыс тілінің басымдығын сақтап қалуға тырысып бағуда. «Халықаралық орыс тілі ұйымы», «орыс тілінің жылы», «орыс мектептерін салу» деген сияқты тірліктер содан туындап жатыр. Өйткені, тіл – Кремль үшін гибридті соғыс құралы ғана. Олар орыс тілін адам құқы тұрғысында қорғамақшы емес.

Орта Азия аймағынан Каспий теңізі арқылы Кавказ басып, Европаға қарай тартылатын жол  Ресейді айналып өтеді. Демек Ресейдің қолындағы «көзірін» қағып түсіреді. Дербес экономикалық саясат жүргізе алатын боламыз. Бұл маршрутқа Европамен қатар Қытай да, Шығыс Азияның басқа да мемлекеттері мүдделік танытып отыр. Сауда жолымен бірге ірі капиталдың, жаңа технологиялардың да келетінін ұмытпау керек. Яғни, шикізат қорынан өндірісті елге айналуға мүмкіндік туады. Ал, ондай қуатты, дамушы елмен басқалардың да санаса бастайтыны бар. Қытайдың мысалы көз алдымызда тұр ғой...  Құрмантай ЖАНТЕЛІ

 

 

 

 

 

Ұсынылатын