Жайлы мектептерге жағдай жасайтын жаңа зауыт ашылды

Алматы облысында су жаңа зауыттың тұсауы кесілді. Unitech зауыты ("Нұр-Мерей-Тараз") мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен, сондай-ақ балабақша, балалар ойынына және кеңсеге қажетті жиһаздар мен техниканы өндірмек, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Unitech зауытының ашылу салтанаты ерекше форматта өтті. БАҚ өкілдеріне зауыт басшылығы өндірістің қалай жүретінін таныстырып, алдағы уақытта отандық өнімнің қай бағытта дамитынын таныстырды. Айта кетейік, зауыт 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал өндіріс заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Зауыт басшысы Темірлан Еркінбековтің айтуынша, Unitech зауыты жайлы мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Яғни, білім ордасына, балабақшаларға керекті парта, орындықтар мен шкафтар, түрлі жиһаздар осында дайындалады.
“Unitech зауыты мектеп пен балабақша, балалар алаңы мен кеңселерге қажетті кез келген жиһазды жасап бере алады. Бұл жобаға біз өте тыңғылықты дайындықпен келдік. Тек бұл ғана емес, ноутбук пен интерактивті панельдерді де құрастырамыз. Еліміздегі кез келген мектепке қызметіміз әзір. Қажет десеңіз, зертханаларды, еңбек кабинеттеріне дейін жабдықтай аламыз. Бұдан бұлай мектепке қажетті дүниені сырттан алып қажеті жоқ. Біздің компания сұраныстың барлығын қанағаттандыра алады”, - деді Зауыт басшысы Темірлан Еркінбек.
Айта кетейік, зауытта мектепке қажетті керек-жарақтың барлығы ағаш, металл және пластиктен әзірленеді. Ол үшін арнайы мамандар да тартылған. Алайда зауыт басшылығы негізгі жұмыс күші жергілікті тұрғындардың есебінен дейді.
“Біздің компанияда жұмыс істейтіндердің дені – жергілікті тұрғындар. Біз алдағы уақытта чипсіз моноблоктар, интерактивті панельдер, компьютерлер, ноутбуктер, көпфункционалды өзге де құрылғылар сынды заманауи техниканы құрастыру жоспарымызда бар”, - деді "Нұр-Мерей-Тараз" компаниясының директоры Бауыржан Ысқақов.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталатынын айтқан болатын.
«Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет», – деген еді президент.