Monday, 7 July,2025

“Әділдік іздейміз!” Атбасар тұрғыны қашан ақталады?

Uaqyt.info
Фото

Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласының тұрғыны Ернұр Балғабаев әділдік іздейді. Қазіргі таңда жеті жарым жылға сотталған азамат өзіне тағылған айыптардың негізсіз екенін айтып, соттан әділ шешім шығаруды сұрап отыр. Алматыда осыған қатысты қазір аппеляциялық сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Естеріңізде болса, даулы мәселе туралы біз бұған дейін де жазғанбыз. Онда Ернұр Балғабаевпен «Ынтымақ Атбасар» ЖШС-де қызметтес болған Жомарт Жұмағұловтың Қарағандыдағы «Қазақстан Халық банкінен» қомақты несие алғаны және оны уақытында қайтармағаны үшін істі болғаны айтылған еді.

Бір қызығы, кепілге қойылған дүниелердің ішінде Балғабаевтың пәтері де кетеді. Оның мүлкі цессия шарты бойынша үшінші тараптың меншігіне өтіп кеткен болатын.

Алайда үйін даулап жүрген Балғабаевтың басы одан сорақасына тап болады. Кезінде бірге қызметтес болған және үйді кепілге қой деп үгіттеген Жомарт Жұмағұлов оның үстінен арыз жазыпты. Осылайша атбасарлық азаматтың үстінен «131 миллион теңгені жымқырды» және «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалады.

Адвокат Алма Мусинаның айтуынша, Алматы қалалық соты алаяқтық бойынша қылмыстық істі қысқартқан. Қазір тек 189 бап, яғни (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бабы бойынша сот процесі жүріп жатыр. Алайда адвокат Балғабаевтың ешқандай кінәсі жоқ екеніне сенімді.

“Бұл жерде құқық қорғау саласының, яғни тергеу органдары мен прокуратураның әрекеті дұрыс емес. Дәлелдеменің жоқ екенін көре тұра заңсыз баға беріп, сотқа жіберген. Бірінші сатыдағы сот соған қарамастан Балғабаевты жеті жарым жылға соттады. Сол себептен ақтауды сұрап отырмыз”, – деді Алма Мусина.

Ал Алматы қалалық Адвокаттар алқасының адвокаты Нұрсұлтан Нұрланов істе жіберілген қателіктер көп дейді. Айта кетейік, сараптамадан кеткен олқылықтарды қазір апелляциялық сот алқасы қарап жатыр.

Әзірге бұл іске нақты қашан нүкте қойылатыны белгісіз. Келесі сот отырысына Ернұр Балғабаев және осы іс бойынша екінші сотталушы есепші Маныч жеткізілуі мүмкін.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұсынылатын