Ресейде губернатор болған қазақ қайтыс болды
Ресейде губернатор болған танымал саясаткер Аман Төлеев 80 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Қаралы хабарды Кемерово облысының басшысы Сергей Цивилев жеткізді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Төлеев Аман Ғұмырұлы 1944 жылы туған.
Новосибирск темір жол инженерлері институтын, Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Еңбек жолын 1964 жылы Кемеров облысында темір жолшы болып бастады.
1967 – 73 жылдары Новокузнецкідегі Мундыбаш станциясында кезекші, бастықтың көмекшісі, станция бастығы, 1973 – 1985 жылдары Междуреченск темір жол станциясының бастығы, Кемерово темір жолының Новокузнецк бөлімшесі бастығының орынбасары, бөлімше бастығы, 1985 – 1988 жылдары Кемерово облыстық партия комитетінде көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі, 1988 – 1990 жылдары Кемерово темір жолының бастығы болды.
1990 – 1993 жылдары РКФСР (кейінгі РФ) Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кемерово облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, 1994 – 1996 жылдары Кемерово облыстық заң шығарушы жиналыстың төрағасы, 1996 – 1997 жылдары РФ-ның ТМД елдерімен қарым-қатынас министрі қызметтерін атқарды. 1997 жылдан Кемерово облысының губернаторы.
3 рет (1991, 1996, 2000) РФ Президенттігіне кандидат болып тіркелді.
Төлеев “Долгое эхо путча” (1992), “Власть в руках человека и ... человек в руках власти” (1993), “На изломах жизни...” (1993), “Цена иллюзий” (1995), “Отечество – боль моя” (1995), “Судите сами” (1996) атты кітаптарын жазған.
Ресейдің, Украинаның, Қазақстанның, Беларусьтің, Моңғолияның көптеген ордендерімен марапатталған. Саяси тұлға ретінде бірнеше рет Қазақстанда ресми сапармен болып қайтқан.