Saturday, 23 November,2024

Ресейде мобилизациядан бас тартқан мигранттарды азаматтықтан айырмақ

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Ресейде әскери тіркеуде тұрмаған және мобилизациядан бас тартқан мигранттарды азаматтықтан айырмақ. Тіпті ондай азаматтарды жанұясымен бірге елден депортациялау көзделіп отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Азаттықтың жазуынша келесі аптада мемлекеттік думаға әскери тіркеуге тұрмағандар мен мобилизациядан бас тартқандарды азаматтықтан айыруды қарастыратын заң жобасы енгізілмек. Бұл жөнінде мемлекеттік думаның аймақ саясаты мен жергілікті басқару комитеті төрағасының орынбасары Михаил Матвеев мәлімдеген.

"Мұндай жағдайда мигранттың отбасы мүшелерін де азаматтықтан айыру керек деп санаймын" деді Матвеев.

Заң бойынша, шетел азаматы Ресей паспортын алғаннан кейін екі апта ішінде мекен-жайы бойынша әскери комиссариатқа барып, әскери тіркеуге тұруға тиіс.

2023 жылы сәуір айында президент Владимир Путин "армия беделіне нұқсан келтіргендер" мен "армия туралы жалған ақпарат таратқандарды" азаматтықтан айыру туралы заңға қол қойған. Жаңа заң бойынша, терроризм немесе экстремизм бойынша сотталғандар ғана емес, ФСБ "Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірген" азамат деп таныған адамдар да Ресей азаматтығынан айырылмақ. Мұндай шешімді 10 күн ішінде апелляцияға беруге болады.

Ұсынылатын