Ринат Зайытов Бекболат Тілеуханның орнына отырды
Айтыскер ақын, мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Бекболат Тілеуханның бұрынғы кабинетіне жайғасты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытовқа бұрынғы Бекболат Тілеуханның кабинеті бұйырды. Ол журналист Бақытнұр Әлібайға берген сұхбатында бұдан ешқандай әбестік көрмейтінін алға тартты.
"Әркімнің өзінің маңдайына жазылған жолы бар. Оны да құдай біледі. Мен қазір мысалы мына жерге келіп алып "Ойбай мынау Бекболат ағаның кабинеті болған екен. Мына жерге отырмаймын" десем, ертең менен кейін келіп біреу сөйтіп айтып жатса сол жақсы ма? Одан ешқандай теріс ырым, не болмаса бір белгі көріп тұрған жоқпын", дейді Ринат Зайытов.
Естеріңізге сала кетейік, Ринат Зайытов пен Бекболат Тілеухан арасындағы дау қоғамда қызу талқыланған болатын. Айтыскер ақын өнердегі ағасын "Қаңтар оқиғасының болатынын біле тұра ескертпеді" деп айыптаса, экс-депутат оны Қосановтың жетегінде кетіп, халықты алдады деп сөккен еді.